Халықаралық интернет сапасын талдау платформасы SpeedGeo Қазақстандағы байланыс операторларының жылдамдығы бойынша рейтингін жариялады. Рейтинг қолданушылардың интернет жылдамдығын өлшеу нәтижелеріне негізделген.
2025 жылғы есеп бойынша, мобильді интернеттің ең жылдам көрсеткіші Kcell операторында тіркелді. Компания желісінде орташа жүктеу жылдамдығы 61,1 Мбит/с болды.
Сымды интернет сегментінде көшбасшы болып Meganet танылды. Оператор желісінде орташа жүктеу жылдамдығы 156,1 Мбит/с, ал деректерді жіберу жылдамдығы 137,7 Мбит/с деңгейінде көрсеткен.
Зерттеу SpeedGeo компаниясының V-SPEED жүйесі арқылы жүргізілді. Бұл әдіс интернет жылдамдығын краудсорсинг тәсілімен, яғни нақты қолданушылардың смартфон мен планшеттерінен жиналған мәліметтер арқылы бағалайды. Лабораториялық сынақтардан ерекшелігі – жылдамдық нақты қолданушы өмір сүретін ортада, яғни үй немесе кеңсе жанындағы желіде өлшенеді.
Мобильді интернет жылдамдығы 59 214 тест нәтижесіне сүйеніп анықталса, сымды интернет бойынша 111 807 өлшеу жүргізілген. Бұл көрсеткіштер Ethernet және Wi-Fi желілері арқылы алынған.
SpeedGeo тәсілі интернеттің нақты пайдалану тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік береді.Алайда зерттеу нәтижелеріне қолданушылардың құрылғысының сипаттамасы, үйдегі желі жағдайы немесе жергілікті желінің жүктемесі әсер етуі мүмкін.












