Қазақстан, Өзбекстан және өңірдің өзге елдерінен шыққан жиырмадан астам стартапқа АҚШ венчурлық экожүйесіне ену мүмкіндігі берілді. Олар күзде AlchemistX пен Silicon Valley Residency бағдарламаларына қатысып, жұмысын 3 қыркүйекте Пало-Альтода бастайды. Төрт айға созылатын бағдарлама барысында қатысушыларға менторлық қолдау көрсетіліп, салалық кездесулер ұйымдастырылады әрі тікелей инвесторлармен жүздесу мүмкіндігі ұсынылады.
Бұл жолы үміткерлер саны айтарлықтай көп болды: 225 өтінімнің ішінен небәрі 24 команда ғана іріктеліп шықты. Соның ішінде 10 жоба Қазақстан мен Өзбекстаннан болса, қалғаны АҚШ, Катар, Сингапур, Грузия және Моңғолиядан келген. Қазақстанның цифрландыру министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, мұндай бағдарламалар өңірлік стартаптар үшін жаңа белеске шығатын айқын мүмкіндік.
«Бұл – келісімшарттарға жол ашатын, инвестиция тартуға әрі америкалық нарықта алғашқы мәмілелер жасауға көмектесетін алаң. Өткен жылғы тәжірибе біздің командалардың халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе алатынын дәлелдеді», – деді ол.
Silkroad Innovation Hub компаниясының бас директоры Асет Абдуәлиев те бағдарламалардың маңызын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар Орталық Еуразияны Кремний алқабымен жалғайтын көпірге айналып келеді.