Home Бағдарламалар мен қосымшалар Спамнан қалай қорғануға болады? Бес қарапайым ереже

Спамнан қалай қорғануға болады? Бес қарапайым ереже

10

Интернет кеңістігінде қауіп-қатер көп. Соның бірі – электронды пошта арқылы келетін сансыз спам-хаттар. Жарнамасы таусылмайтын, мазмұны күмәнді хаттар кейде жай ғана қолайсыздық тудырса, енді бірде алаяқтардың айласына айналуы мүмкін.

Күн сайын электронды поштамызға кімнен келгені белгісіз, мазмұны жағынан да түсініксіз әрі күмән тудыратын хаттар түсіп жатады. Бір қарағанда, бұл хабарламаларға назар аударып жатудың өзі артық секілді. «Кезекті жарнама» немесе «алаяқтардың айласы шығар» деп, бірден өшіруге асығамыз. Алайда, кейде көзге қажетсіз көрінген дүниенің астарында маңызды механизм жасырынып тұруы мүмкін. Ендеше, спам хаттардың астарында не жатыр және неге оларды бірден өшіруге болмайтынын бірге талдайық.

Бүгінгі пошта қызметтері — жай ғана хат алмасатын құрал емес. Олар — сіздің деректеріңізді қорғауға тырысатын күрделі қорғаныс жүйелері. Gmail, Яндекс, Mail.ru сынды платформаларда орнатылған спам сүзгілері күн сайын мыңдаған хабарламаны сараптап, қандай хаттың қауіп тудыруы мүмкін екенін анықтап отырады. Бұл жүйелер үнемі жетіліп, жаңарып отырады. Қызығы — оларды жетілдіретін де сол қажетсіз хаттар.

Сол себепті қажетсіз хатты бірден өшіре салмай, «спам» деп белгілеп қойған абзал. Бұл – пошта сүзгісіне бағыт беріп, болашақта қауіпті хаттарды мүлт жібермеуге көмектеседі. Осылайша, сіздің цифрлық кеңістігіңіз бұрынғыдан да таза әрі қауіпсіз бола түседі.

Спамнан қалай қорғануға болады? Бес қарапайым ереже

Көпшілігіміз электронды поштаны телефоннан немесе браузер арқылы ашамыз. Мұндай жағдайда қажетсіз хатты “спам” деп белгілеу қиын емес – тиісті батырма көбіне “Әрекеттер” немесе “Тағы” мәзірінің ішінде тұрады, кейде тіпті бірден хаттың үстіңгі жағында көрінеді. Егер жүйе күмәнді хаттарды бірден “Спам” бөліміне жіберіп отырса – бұл пошта сүзгісінің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын білдіреді. Алайда кейде алаяқтық сипаты бар жарнамалар немесе белгісіз хаттар негізгі хаттар қатарында пайда болып жатады. Мұндай сәтте оларды елемей, арнайы белгілеп қою керек.

Күнделікті өмірде, мейлі жеке хаттарыңыз болсын, мейлі қызметтік пошта болсын — қарапайым әрекеттердің өзі цифрлық кеңістігімізді артық ақпараттан тазартуға үлкен үлес қосады. Спам таратушылар мен алаяқтар қанша тырысса да, қара тізімге тез еніп, бізге жол табуы қиындай түседі. Ал егер кеңседе ортақ пошта жүйесін пайдалансаңыз, сіздің спамды белгілеуіңіз әріптестеріңізге де көмектеседі. Олар да күмәнді хаттардың арасынан арылуға мүмкіндік алады.

Айтпақшы, көптеген пошта қызметтері “Спам” бөлімін айына бір рет автоматты түрде тазартып отырады. Сондықтан ол қалта толып кетеді деп алаңдаудың қажеті жоқ. Егер бұл функция қосылмаған болса, айына бір рет “Спам” бөліміне кіріп, барлық хаттарды бірден өшіріп отыру жеткілікті. Бар-жоғы бірнеше секундтық шаруа.

Бір қарағанда тиімді… Бірақ спамнан бас тартудың астарында қауіп бар

Спамнан қалай қорғануға болады? Бес қарапайым ереже

Кей қолданушылар қажетсіз хаттардан құтылу үшін “Жазылымнан бас тарту” деген сілтемені басып жатады. Алайда бұл әрекет кері әсерін беруі мүмкін. Себебі спам таратушылар дәл сол сәтте: “Бұл пошта мекенжайы белсенді, мұнда хаттар оқылады” деген белгі алады. Сөйтіп, сізге хат жіберуді тоқтатудың орнына, керісінше, хаттар санын еселей түседі. Ниет жақсы еді, бірақ салдары керісінше болуы әбден мүмкін.Мұндай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек? Төменде спамнан сақтанудың 5 қарапайым жолын ұсынамыз.

  1. Күмәнмен қарау – қауіптің алдын алудың алғашқы қадамы

Келген хаттың мазмұны, жіберушісі сенім тудырмаса, оған күмәнмен қараңыз.Әсіресе, ақша төлеуді сұраса немесе жеке мәліметтерді талап етсе, барынша мұқият болыңыз. Күмән туса – бірден өшіріңіз. Қажет болса, сақтықты күшейтуден тартынбаңыз.

  1. Сабыр сақтаңыз – эмоцияны емес, логиканы қосыңыз

Алаяқтар адамның эмоциясына әсер етуді жақсы меңгерген. Олар жедел әрекет етуді талап етеді, қорқытады немесе кінәлі сезінуге мәжбүрлейді. “Шұғыл төлеңіз”, “Есептік жазбаңыз бұғатталады” деген мазмұндағы хаттар сізді үрейге салуы мүмкін. Бірақ нақты компаниялар тұтынушыны қорқытпайды.Мұндай хат алған сәтте терең тыныс алып, асығыс шешімнен аулақ болыңыз.

  1. Сілтемеге соқыр сенім арту – өзіңізге жасалған қастық

Хат ішіндегі сілтемелерге бірден өтпеңіз. Егер ол расында керек сайт болса – оның мекенжайын өзіңіз қолмен теріп, браузер арқылы кіріңіз. Бұл – сіздің киберқауіпсіздігіңіз үшін маңызды сақтық.

  1. Бейтаныс тіркемелерді ашпаңыз

Кімнен келгені белгісіз хаттағы қосымшалар вирустар мен зиянды бағдарламалардан тұруы мүмкін. Тіпті Word не Excel құжаттарының өзінде қауіпті кодтар жасырынуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Ал HTML форматындағы файлдар сізді күмәнді сайттарға жетелеуі ғажап емес. Сондықтан бейтаныс тіркемелерден аулақ болыңыз.

Спамнан қалай қорғануға болады? Бес қарапайым ереже
  1. Цифрлық қауіпсіздік құралдарын пайдаланыңыз

Антивирус пен спам-фильтрлер – қазіргі заманның қорғаныс қалқаны. Олар сіз байқамай қалуы мүмкін қауіптерді алдын ала сүзгіден өткізіп, қажетсіз мазасыздықтан сақтайды. Сондықтан поштамен жұмыс істегенде, ондай құралдарды үнемі жаңартып, қосулы ұстау – өзіңіздің тыныштығыңыз үшін маңызды.

Қорытындылай келе, спам жіберушілер мен алаяқтар үнемі жаңа әдістерді қолданып, өз қулықтарын жетілдіріп жатыр. Тіпті тәжірибелі интернет қолданушылары да алаяқтардың қармағын ілініп жатады.Сондықтан, ең тиімді қорғаныс — бұл ұқыптылық, сақтық және заманауи технологияларды қолдану. Өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп, цифрлық әлеіңізді қорғаңыз!