Смартфон бүгінде жай ғана байланыс құралы емес, күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Қайда барсақ та, қасымызда жүретін бұл құрылғы жайлы күмән мен сұрақ та аз емес. Соның бірі – ұялы телефон шынымен де сөйлескендерімізді тыңдап, соған сай жарнама көрсетеді ме?
Кейде жақыныңызбен белгілі бір тақырыпта сөйлескеннен кейін, дәл сол тақырыпта жарнама көрсетіле бастағанын байқадыңыз ба? Мәселен, кофе машинасы туралы бұрын-соңды іздемеген болсаңыз да, арада бірнеше күн өткенде осы өнім жайлы жарнама жиілей түседі. Бұл жәй сәйкестік пе, әлде смартфон шынымен де сіздің әңгімеңізге құлақ түріп отыр ма?
Бұған көз жеткізудің қарапайым жолы бар. Бұған дейін іздемеген, ойламаған тақырыпты таңдап, бірнеше күн бойы телефоныңыздың жанында сол туралы дауыстап сөйлесіп көріңіз. Бірақ бұл тақырыпта ештеңе іздемеңіз, ешкімге жазбаңыз. Егер біршама уақыттан кейін дәл осы тақырыптағы жарнамалар пайда бола бастаса – ойланып көріңіз.
Смартфонның өзі әңгімеңізді тікелей тыңдамаса да, оған орнатылған кейбір қосымшалар микрофонды пайдалану рұқсаты арқылы сіз жайлы деректерді жинауы мүмкін. Сондықтан телефоныңыздың баптауларынан микрофонды пайдалануға рұқсаты бар қосымшаларды қарап шығыңыз. Егер қажетсіз қосымшаларда мұндай мүмкіндік ашық тұрса — бірден шектеу қойғаныңыз абзал. Сондай-ақ Google Assistant немесе Siri сияқты көмекшілердің сөйлесу тарихын үнемі тазалап отыру – жеке кеңістігіңізді сақтаудың қосымша жолы.
Сөйлеспесе де, бәрін біледі
Смартфон сіздің қандай сайттарға кіргеніңізді, қандай қосымшалар қолданатыныңызды сараптап, соған сай жарнама ұсынады. Мысалы, жаңа тіл үйрену қосымшасын орнатып, кейін ұлттық асхана мәзірін іздесеңіз – экранда туристік бағыттар немесе шетелдік оқу курстары қылаң беруі мүмкін.
Құпиялылықты қалай қорғаймыз?
Егер жеке өміріңізге сырттан қол сұғылмағанын қаласаңыз, төмендегі қарапайым кеңестерді ескеріңіз:
– микрофонға рұқсат алған қосымшаларды үнемі тексеріп отырыңыз;
– қажетсіз рұқсаттарды өшіріңіз;
– дауыстық көмекшілердің тарихын тазалауды ұмытпаңыз;
– маңызды сөйлесулер кезінде смартфонды өшіріп немесе басқа бөлмеге қойып қойыңыз.
Қысқасы…
Смартфон – қалтадағы жай ғана құрылғы емес. Ол сіздің күнделікті әдетіңізді, қалауыңызды, тіпті шешімдеріңізді де зерттеп, соған сай ақпарат ұсынады. Ыңғайлы құрал болғанымен, жеке деректеріңіздің қауіпсіздігі – тек өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.