Home Аналитика Смартфон- ақпарат құралы ма, әлде сананың шегі ме?

Смартфон- ақпарат құралы ма, әлде сананың шегі ме?

9

Қазіргі таңда смартфон тек байланыс құралы ғана емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Бұл құрылғы арқылы біз хабар алмасып, жаңалықтар оқып, банктік қызметтерді пайдаланамыз, тіпті жұмысымызды да орындаймыз. Барлығы оңай әрі қолжетімді. Бірақ бұл үдерістің жағымсыз жақтары да бар, дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде рилстердің танымал бола бастауы мен аудио және видео хабарламалардың кеңінен таралуы дәстүрлі мәтін арқылы хабар алмасу жолын ығыстыруда. Мұның өзі адамдардың жазбаша қарым-қатынас жасау мен ойды дұрыс әрі толық жеткізу дағдысына кері әсер етуі мүмкін.

Жаңа ақпараттық жүйе, яғни әлеуметтік желілер мен мессенджерлер, бізге үздіксіз ақпарат ағынын ұсынады. Бірақ бұл ақпараттардың көбі сапасыз, мәнсіз мәліметтер екенін ұмытпауымыз қажет.

Бұл тек бір елдің мәселесі емес. Бұл – ғаламдық сипат алған құбылыс. Жастармен шектелмей, барлық жас ерекшелігін қамтып отыр.

Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, интернетке ағылып жатқан мағынасыз ақпараттар легі тек сенімді дерек ұғымын жойып қана қоймай, ақпаратты қабылдау процесін ойға емес, эмоцияға негізделген деңгейге түсірді.
Біз енді ақпаратты парасатпен емес, көңіл-күймен бағалаймыз. «Ұнады ма – бөліс, күлкілі ме – сақта». Осы қарапайым алгоритммен өмір сүруге бейімделдік. Ал бұл құбылыс қоғамдағы барлық салаға әсер етуде. Мәселен, мемлекеттік басқару жүйесінде деректерді талдай алатын мамандар азайып, оның орнын жасанды интеллектке тапсырып жатырмыз. Шынтуайтында, басқару үшін қажет ақпарат көбеймеген, тек оны сараптап, мәнін түсіне алатын қабілет әлсіреген.

Когнитивтік қабілеттің төмендегенін мемлекеттік қызметтен-ақ аңғаруға болады. Қазір көптеген мекемелер ақпаратты сараптау үшін жасанды интеллектке жүгініп жүр. Негізі, басқаруға қажет деректер көбейген жоқ. Бірақ қазіргі қызметкер оны сараптап, іріктеп, жүйелей алмайды.

Бүгінде алынатын ақпараттың 99 пайызы – қажетсіз, тіпті қоқыс деуге болады. Сол ақпаратты сүзгіден өткізіп, қажетсізін ысырып тастау орнына, оны өңдеуге арналған күрделі жүйелер құрылады.

Әлеуметтік желілер мен сериалдар және басқа да цифрлы контент адамдарды бос уақыттарын өткізу мен қарым-қатынас жасаудың жалғыз құралына айналдырды. Бұл құбылыстар ақпараттың тереңдігін жойып, адамдарды интеллектуалды тұрғыдан әлсіретеді.

Егер адам баласы осы бос қызықпен өмір сүргісі келсе – ешкім қарсы емес. Бірақ кімде-кім шын мәнінде өмірді сезінгісі келсе, өзін дамытқысы келсе, бар болмысы мен санасын сақтау үшін бір-ақ жол бар. Ол – кітап оқу.

Кітап – тек білімнің көзі емес. Ол – ойдың жаттығуы, рухтың тірегі, сана-сезімнің шырағы. Оқыған сайын сіздің ішкі әлеміңіз кеңейеді, түсіну қабілетіңіз тереңдейді, өзіңізбен де, өзгемен де қарым-қатынас сапасы өзгереді. Ал жазуға бет бұрсаңыз – тіпті керемет: мақала, пікір, шағын жазба – бәрі де мидың бұлшықетін шынықтырады.

Иә, бұрынғыдай бүкіл ауыл-ел болып кітапқа үңілетін дәуір қайтып келмес. Бірақ әр отбасы, әр адам сол дәстүрдің ұшқынын сақтай алады. Балаларға кітап оқып беру, бірге ой бөлісу – бұл жай ғана әңгіме емес, ұрпақ санасына егілген құнарлы дән.

Жоғары лауазымды тұлғалардың, қоғам белсенділерінің балаларға кітап оқуға қатысты бастамаларды қолдап, мектептер мен балабақшаларға барып, жастарға кітаптардың маңыздылығын түсіндіруі осы құндылықты қайта жандандыруға мүмкіндік береді. Мұндай дәстүр болашақ ұрпақ үшін пайдалы әрі маңызды қадам.