Home Робот пен дрондар,ЖИ Smart Roads жүйесі жол сапасын бақылауда жаңа стандарт орнатады

Smart Roads жүйесі жол сапасын бақылауда жаңа стандарт орнатады

42

Елімізде жол сапасын бағалайтын жаңа интеллектуалды жүйе — Smart Roads Diagnostics System іске қосылды. Бұл жүйе жол жабындысын тексеру уақытын бірнеше есе қысқартып, процесті жылдам әрі тиімді етеді. Жүйені Жол активтерінің сапасын ұлттық орталығы патенттеп алғанын Көлік министрлігі хабарлады.

Егер бұрын 100 шақырымдық жол учаскесін тексеруге төрт күнге дейін уақыт кететін болса, енді жасанды интеллект арқасында деректерді өңдеу тек төрт сағатқа жетеді.

Жүйе компьютерлік көру технологиялары негізінде жұмыс істейді. Ол жарықтар, ойықтар, доңғалақ іздері мен басқа да ақауларды анықтап, олардың өлшемі мен ұзындығын дәл есептейді. Тексеру мобильді зертханалар арқылы жүргізіледі: олар камералар, датчиктер және GPS-навигациямен жабдықталған.

Министрліктің мәліметінше, Smart Roads Diagnostics System жыл сайын республикалық жолдардан шамамен 15 мың шақырым, жергілікті жолдардан 5 мың шақырым учаскені тексеруді жоспарлап отыр. Алынған мәліметтер жөндеу және қайта құру шешімдерінде қолданылады, бұл қауіпті жол учаскелерін жылдам анықтауға және жолдағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Көлік министрлігі цифрлық технологияларды енгізу бюджетті тиімді жұмсауға және жол жұмыстарын дұрыс жоспарлауға септігін тигізетінін атап өтті.