Шығыс Қазақстан облысында жасанды интеллектті кеңінен қолдану мен медицина және қалалық инфрақұрылым үшін бірыңғай цифрлық экожүйе құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың цифрландыру және архивтер басқармасының орынбасары Арнұр Сапарғалиев хабарлады.
Аймақ тұрғындарының барлығы электрондық денсаулық паспорттарымен қамтамасыз етілген. Жасанды интеллект элементтері бар PACS жүйесі медициналық бейнелерді өңдеп, өкпе және сүт безі қатерлі ісігі сияқты патологияларды автоматты түрде анықтайды. Бұл диагноз қою дәлдігін арттырып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру қоғамдық қауіпсіздікке де кеңінен енгізілуде. Бейнебақылау жүйелері заманауи алгоритмдер арқылы талданып, көлік қозғалысын оңтайландыру үшін автоматтандырылған диспетчерлік жүйелер қолданылады. Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында шамамен 5,8 мың камера орнатылып, жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қадағалайтын 243 «Мерген» кешені жұмыс істейді.
Арнұр Сапарғалиевтің сөзінше, цифрлық технологияларды қолдану өңірде тек медициналық қызмет сапасын жақсартып қана қоймай, қауіпсіздікті де арттыруға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстандағы жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелерді енгізу медицина, көлік және қауіпсіздікті біртұтас тиімді экожүйеге біріктіруде цифрландырудың үлгісі болып отыр.












