2022 жылдан бастап Google компаниясына салынған салық Қазақстанға 118,4 млрд теңге кіріс әкелді. Бұл туралы LS агенттігі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлады.
Қазіргі таңда 118 шетелдік компания-нерезидент есепке алынған, олардың ішінде әлемдік ең ірі платформалар бар. Биыл тізімге тағы 20 заңды тұлға қосылды. Олардың қатарында шахмат сүйер қауымға арналған халықаралық Chess.com платформасы, ChatGPT қызметін әзірлеуші OpenAI, Canva Pty Ltd. (онлайн дизайн платформасы), Microsoft Ireland Operations Limited, спорттық велосипедтер өндірушісі Canyon Bicycles GmbH бар.
Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы жылдың басынан Google-дан алынған салық 48,6 млрд теңге болғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артық.
2025 жылғы ең ірі ҚҚС төлеушілер:
Valve Corporation – 8,6 млрд теңге;
Apple – 8 млрд теңге;
Temu – 6,2 млрд теңге.
Айта кетейік, Google-ға салынған салық алғашқы жылы Қазақстанға 13 млрд теңге кіріс әкелген. Сол кезде бюджетке ең көп түсім әкелген компаниялар қатарында Meta Platforms Ireland Limited (Ирландия) – 2,9 млрд теңге, iHerb (АҚШ) – 2,6 млрд теңге, Google Commerce Limited (Ирландия) – 2,2 млрд теңге, Apple Distribution International Limited (Ирландия) – 1,7 млрд теңге, Valve Corporation (АҚШ) – 1,6 млрд теңге болған.
Еске сала кетейік, комитет бұрын хабарлағандай, бұл салық жаңа емес. Ол Франция, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Ресей, Беларусь және Өзбекстанда қолданылады. Сол кезде мемлекеттік орган Қазақстан азаматтарының бұл салықты төлемейтінін, оны тек шетелдік интернет-компаниялар төлейтінін нақтылаған.












