Сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев шетелдік платформаларға қатаң талаптар қойылуын ұсынады.
“Шетелдік интернет-платформалар мен дүкендерге де отандық платформалар үшін белгіленген талаптар сияқты міндетті шарттар енгізуді ұсынамын. Әсіресе, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және жеке деректерді сақтау бойынша талаптардың енгізілуі аса маңызды. Еуропа одағынан алынған тәжірибеге сүйене отырып, шетелдік интернет-платформалары мен дүкендерін тіркеуді енгізу керек. Сонымен қатар, отандық электронды коммерцияны дамыту үшін кеден рәсімдерін жеңілдету және электронды сауда субъектілеріне арнайы салықтық режимдер енгізу ұсынылады”, – деді ол.
Министрдің айтуынша, сондай-ақ қоймалық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, В2В форматында сауданы қолдау және нарықтарды цифрландыру маңызды.
“Бұл тұтынушылардың құқықтары мен жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етеді, тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын арттырады. Сонымен қатар, отандық және шетелдік маркетплейстер үшін тең жағдайларда адал бәсекелестікті қалыптастырады. Ұсынылып отырған шаралар мен тәсілдер электронды сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру арқылы іске асырылады, оның ішінде салықтық реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ақпараттық қауіпсіздік”, – деп атап өтті Шаккалиев.
Сондай-ақ, соңғы уақытта шетелдік маркетплейстерге қатысты тұтынушылардың шағымдары көбейгенін айтты.
“Аталмыш мәселелер шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстанның заңнамалық аумағынан тыс орналасқандықтан туындайды. Бұл тұтынушылардың құқықтарын толық қорғауға мүмкіндік бермейді. Елдер арасындағы қашықтық салдарынан тауарларды қайтару немесе алмастыру талаптарын орындау көбінесе мүмкін емес. Сонымен қатар, шетелдік интернет-дүкендер арқылы сатып алынған тауарлар сертификаттау рәсімінен өтпейді, бұл өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қауіп төндіреді. Сондықтан біз бұл мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуді қажет деп санаймыз”, – деп түсіндірді министр.
Министрдің айтуынша, онлайн-сауда барлық көрсеткіштер бойынша тиімдірек. Онлайн саудамен айналысатын компаниялар үлкенірек, тұрақты және олардың табыс көлемі мен қызметкерлер саны да көп. Интернет арқылы сауда жасаған компаниялар 360 миллиард теңге салық төледі. Мұндай ұйымдардың саны – 505 мың. Бұдан бөлек, отандық маркетплейстер 135,2 миллиард теңге салық төледі.
“Жалпы, белсенді онлайн-компаниялар барлық бөлшек сауда кәсіпорындарының 12,6%-ын құрайды. Олар 300 мыңнан астам жұмыс орнын құрады, ал олардың өнімділігі 33%-ға жоғары. Сонымен қатар, олар бөлшек сауда секторының салықтық түсімдерінің 60%-ын қамтамасыз етеді”, – деп атап өтті Шаккалиев.
Онлайн саудаға кіріскен компаниялардың өзгерісі де талданды. 10 мың кездейсоқ оқиға бойынша жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, маркетплейске шыққаннан кейін 1,5 жыл ішінде компаниялардың орташа сатылым көлемі 4,8 есе артты, салықтық төлемдер 13,5 есе көбейді. Сатылым аясы кеңейді. Бұл онлайн-компаниялар тек үлкен табыс табумен ғана шектелмей, жұмыс орындарын ашып, ашық бола бастағанын, әрі заңға сәйкес жұмыс істейтінін көрсетеді”, – деді Шаккалиев.
Осылайша, отандық электронды коммерция шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ететін құрал болып табылады, бұл әсіресе аймақтарда маңызды.Ал отандық электронды коммерцияны әрі қарай дамыту бүкіл сауда саласының өсуіне қосымша мүмкіндіктер ашады.