Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан Amazon-ның серіктесі атанып, спутниктік интернетті іске қоспақ

Қазақстан Amazon-ның серіктесі атанып, спутниктік интернетті іске қоспақ

31

Қазақстан әлемдік деңгейдегі ірі бастамаға қосылды. Нью-Йоркте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында Amazon корпорациясымен, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен серіктестік жөніндегі келісімге қол қойылды.

Келісім аясында Қазақстан Amazon-ның Project Kuiper жобасының серіктесіне айналады. Бұл жоба мыңдаған төмен орбиталы спутниктерден тұратын ғаламдық желі құруды көздейді. Соның арқасында елдің ең шалғай аймақтарындағы тұрғындар да жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады.

Қазақстандағы эксклюзивті оператор ретінде «Қазақтелеком» белгіленді. Компания жаңа технологияны ұлттық байланыс инфрақұрылымына енгізіп, қызметті бүкіл ел аумағында таратады. Бұл – Amazon-ның Орталық Азиядағы алғашқы ірі инвестициясы.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба елдің цифрлану бағытындағы орнын күшейтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етпек.

«Бұл бастама әрбір азаматқа қолжетімді байланысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық дамудың жаңа тетігіне айналады», – деді ол.

Amazon алдағы уақытта 3,2 мыңнан астам спутникті ғарышқа шығаруды жоспарлап отыр. Қазақстан осы бағдарламаның арқасында географиялық ерекшелігіне қарамастан, жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді елдердің қатарына қосылады.