Home Кәсіби маман Сарапшылар автоматтандырудың ұзақ мерзімді салдары бизнеске де кері әсер етуі мүмкін екенін...

Сарапшылар автоматтандырудың ұзақ мерзімді салдары бизнеске де кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді

11

АҚШ-тағы Пенсильвания университеті мен Бостон университеті экономистері жасанды интеллекттің кеңінен енгізілуі нарықтық дағдарысқа әкелуі мүмкін екенін математикалық тұрғыдан негіздеді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, компаниялар автоматтандыру тұзағына тап болады. Шығынды азайту үшін қызметкерлерді қысқартқан бизнес өз тұтынушыларының табысын да бірге қысқартады. Ал табысынан айырылған адамдар тауар мен қызметті аз тұтына бастайды. Соның салдарынан жиынтық сұраныс төмендеп, нарықтағы барлық қатысушылардың ұзақ мерзімді пайдасы кемиді. Авторлар нарықты тұрақтандырудың тиімді тетігі ретінде автоматтандыруға салық енгізуді ұсынады.

Зерттеушілер бірнеше бәсекелес компания әрекет ететін математикалық модель құрып, олардың қанша қызметкерді жасанды интеллектпен алмастыратынын талдаған. Алғаш қарағанда бәрі қисынды көрінеді: жасанды интеллект адам еңбегіне қарағанда арзан, демек автоматтандыру пайданың өсуіне ықпал етеді. Алайда зерттеу барысында жасырын қауіп айқындалған. Жұмысынан айырылған адамдар – сол компаниялардың тұтынушылары. Олар табыссыз қалған соң сатып алуды қысқартады. Егер мұндай үрдіс бүкіл нарық көлемінде қатар жүрсе, жалпы сұраныс төмендеп, түптеп келгенде барлық компания зардап шегеді, соның ішінде ең алдымен қысқартуға барғандары да бар.

Осылайша компаниялар тығырыққа тіреледі. Әрбір кәсіпорын жалақы қорын қысқарту арқылы пайдасын толық көлемде көреді, ал сұраныстың құлдырауынан келетін шығын барлық нарық ойыншыларына тең бөлінеді. Сондықтан жеке компания үшін бұл шығын мардымсыз болып көрінеді. Нәтижесінде бизнес иелері алда келе жатқан дағдарысты түсінгенімен, ешқайсысы бірінші болып тоқтауға мүдделі болмайды.

Жасанды интеллект неғұрлым жетілдірілген сайын жағдай күрделене түседі. Зерттеушілер бұл құбылысты орнында жүгіргенмен салыстырады. Әрбір компания алға шығу үшін қуатты жасанды интеллект енгізеді, алайда дәл осындай қадамды басқалары да жасайтындықтан, ешкім нақты артықшылыққа ие болмайды. Нәтижесінде нарықтағы күштер арақатынасы өзгермейді, бірақ аса тиімді технологиялардың әсерінен қысқарту жаппай сипат алып, халықтың сатып алу қабілеті бұрынғыдан да жылдам төмендейді.

Ғалымдар бизнестің бұл мәселені өздігінен шешу мүмкіндігін де қарастырған. Мысалы, жұмыс орындарын сақтау туралы ұжымдық келісімдер немесе қызметкерлерге компания акцияларын беру тәсілдері талданған. Алайда нәтиже үмітті ақтамаған. Өзін-өзі реттеу тетіктері тұрақты жұмыс істемейді. Себебі кез келген компания бәсекелік артықшылыққа қол жеткізу үшін ортақ келісімді бұзуға бейім. Қызметкерлердің пайдаға қатысуы жағдайды ішінара жұмсартқанымен, түбегейлі шешім бола алмайды. Нарық классикалық тұтқын дилеммасы жағдайында қалады: әркім жеке пайдасын көздеген сайын, бәрі ұжымдық шығынға ұшырайды.

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір жолы ретінде жәрдемақы немесе шартсыз базалық табыс қарастырылған. Алайда зерттеу бұл тәсілдердің тек салдармен күрес екенін көрсетеді. Мұндай төлемдер жұмыссыз қалған адамдардың өмір сүруін жеңілдеткенімен, компаниялардың нарықтағы мінез-құлқына әсер етпейді.

Ұсынылған шаралардың ішінде нақты нәтиже беретін жалғыз құрал – автоматтандыруға салынатын салық. Егер әрбір қысқартылған қызметкер үшін сұраныстың төмендеуінен туындайтын шығынға тең мөлшерде төлем енгізілсе, компаниялардың ынталары өзгереді. Олар нарыққа келтіретін зиянды да ескеруге мәжбүр болады. Жиналған қаражатты зерттеу авторлары жұмыстан босатылған қызметкерлерді қайта оқытуға бағыттауды ұсынады. Бұл өз кезегінде оң цикл қалыптастырады: адамдар қайта еңбекке араласқан сайын сұраныс төмендемейді, ал болашақта салық мөлшерін азайтуға мүмкіндік туады.

Өзге де өзекті жаңалықтар мен сараптамалық шолулар біздің Telegram арнамыздан жүйелі түрде оқи аласыздар!