Ресей президенті Владимир Путиннің тікелей тапсырмасынан кейін елдегі цифрлық кеңістікті шетелдік технологиялардан тазарту науқаны басталды. Үкімет енді «достық пейіл танытпаған» мемлекеттердің бағдарламалық өнімдеріне қосымша шектеу енгізудің жолын қарастырып жатыр.
Мамыр айының соңында ресейлік кәсіпкерлермен өткен кездесуде Путин елден кеткенін мәлімдеп, бірақ нарықта әлі де жұмыс істеп жатқан шетелдік ІТ-компанияларды «қысымға алу керек» деген пікір айтты. Атап айтқанда, Zoom мен Microsoft сияқты платформаларға нұсқау берілген. Президенттің пайымдауынша, мұндай компаниялардың Ресейдегі белсенділігі отандық ІТ-сектордың дамуына кедергі болып отыр.
Цифрлық даму министрі Максут Шадаев бұл тапсырманың орындала басталғанын растады. Оның сөзінше, отандық баламалары бар сервистерге кезең-кезеңімен тосқауыл қойылады. «Президент бұйырды – демек, әрекет етеміз», – деді ол.
WhatsApp та тізімге енуі мүмкін
Мемлекеттік Думаның Ақпараттық саясат комитеті төрағасының орынбасары Антон Горелкин WhatsApp мессенджеріне шектеу қойылуы ықтимал екенін айтты. Оның сөзінше, бұл танымал сервис тыйым салынатын бағдарламалар тізіміне енуі мүмкін.
«WhatsApp – Ресейдегі ең танымал мессенджер, бірақ заң бәріне ортақ. Ол да Ресей заңына бағынуға тиіс»,- Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песковдеп мәлімдеді.
VPN арқылы іздеу үшін айыппұл салынбақ
Бұдан бөлек, Мемдумада 22 шілдеде экстремистік материалдарды VPN арқылы іздегендерге 5 мың рубльге дейін айыппұл салуға мүмкіндік беретін заң жобасы қаралуы мүмкін. Бұл бастама да цифрлық шектеулер саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
МАХ — отандық балама
Маусым айында президент Путин «МАХ» деп аталатын ұлттық мессенджер құру туралы заңға қол қойды. Жаңа сервис VK платформасы негізінде жасалады. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл – ресейлік WeChat болмақ. Онда чат пен қоңырау секілді негізгі функциялармен қатар, мемлекеттік қызметтермен тығыз интеграция қарастырылған.
Жаңа платформаның негізгі мақсаты – ресейліктердің WhatsApp пен Telegram-ға тәуелділігін азайту.
Алайда сарапшылардың пікірінше, жаңа мессенджердің танымал болуын қамтамасыз ету үшін билік бәсекелестерді әдейі шектеп, нарықта жасанды сұраныс тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, МАХ жүйесінің пайдаланушы деректерінің құпиялығына нұқсан келтіруі ықтимал деген алаңдаушылық та жоқ емес.