Қарағанды өңірінде 1 қыркүйектен бастап мектеп оқушыларының болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін жаңа цифрлық жүйе іске қосылады. Edumark электронды күнделігі негізінде жұмыс істейтін Profiway платформасы оқушылардың білім үлгерімі мен қызығушылықтарын сараптап, олардың бейіміне сай жеке ұсыныстар береді.
Мамандықтар әлемі күн сайын өзгеріп келеді. Алдағы 20-30 жылда кәсіптердің 30-45 пайызы автоматтандырылуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, 57 мамандық жойылып, орнына 186 жаңа сала пайда болады. Бүгінгі бастауыш сынып оқушыларының 65 пайызы болашақта әлі жоқ мамандықтарда еңбек етеді. Сондықтан бірнеше салада білім мен дағдысы бар, жаңа технологияларды меңгере алатын жастарға сұраныс артады.
Мұның бәрі мектеп түлектеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Зерттеулерге сүйенсек, оқушылардың 80 пайызы колледж не жоғары оқу орнын ата-анасының кеңесімен таңдайды. Ал бұл – нақты бейімі мен қызығушылығы ескерілмеген маман иесі пайда болуы мүмкін деген сөз. Соның салдарынан жастар өзге өңірлерге не шетелге кетіп, туған жерінде кадр тапшылығы арта түседі.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кәсіби бағдар дұрыс жүргізілсе, 9 және 11-сынып түлектерінің көшіп кетуі 80 пайызға азаяды. Profiway жүйесі осыны көздейді.
Платформа арқылы 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқу үлгерімі, факультативтер мен үйірмелердегі белсенділік, қызығушылықтар мен дағдылар жиналады. Осы мәліметтер негізінде әр балаға жеке білім картасы жасалады. Бұл картаны ата-аналар мен мектеп мамандары да пайдалана алады.
Profiway платформасы қосымша білім беру платформаларымен – E-daryn.kz пен artsport.edu.kz-пен біріктіріліп, оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттері де ескеріледі. Сонымен қатар, жүйеге арнайы тесттер мен бейінді тапсырмалар жүктеліп, баланың қандай мамандықтарға бейімділігі бар екені анықталады.
Басты жаңалық – жүйеге Қарағанды облысындағы кәсіпорындардың тізімі мен hh.kz, Enbek.kz сияқты еңбек нарығы порталдары қосылады. Бұл – оқушыға болашақ жұмыс берушіні алдын ала көру, қандай маман сұраныста екенін білуге мүмкіндік береді.
Profiway платформасы арқылы мектеп бітірушіге нақты ұсыныстар беріліп, ол қандай колледж немесе ЖОО-ға түсе алатынын алдын ала болжай алады. Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен білім басқармасы оқу жылының басында және соңында кімнің қайда түсіп, қайда кеткенін саралап отырады. Бұл – білім беру жүйесінің сапасын арттырумен қатар, жастардың өз өңірінде қалып, еңбек етуіне жол ашады.
Светлана СВИЧ, Индустриальная Караганда, Коллаж «ИК»