Home Ойын-сауық Powerwash Simulator ойыны – стрессті жеңудің тиімді құралы

Powerwash Simulator ойыны – стрессті жеңудің тиімді құралы

15

Оксфорд университетінің зерттеушілері Powerwash Simulator бейне-ойыны стрессті жеңудің оңай әрі қолайлы баламасы екенін дәлелдеді. Олар 2022 жылы FuturLab студиясынан ойынның арнайы нұсқасын шығаруын сұрады. Оған ойыншылардың көңіл-күйін өлшеу құралдары қосылды. 8695 ойыншы мен 67328 ойын сеансы туралы ақпарат жинақталды — олардың 72%-ы ойынның15 минутында көңіл-күйлерінің айтарлықтай көтерілгенін атап өтті.

Powerwash Simulator —  әртүрлі заттарды жоғары қысымды сумен жуу симуляторы. Ойында жарысу элементтері жоқ, жұмбақтарды шешудің де керегі жоқ, ештеңені жеңудің де қажеті жоқ. Ойыншылар лас  заттардың тазаға айналу үрдісін бақылау арқылы үлкен ләззат алады. Бұл қарапайым ойынның аудиториясы 12 миллион адамды құрайды.

Powerwash Simulator ойыны – стрессті жеңудің тиімді құралы

«Зерттеу» нұсқасында Powerwash Simulator-да виртуалды кейіпкерлермен диалог түрінде қысқа сауалнамалар енгізілді. Ғалымдар ойын барысында ойыншылардың көңіл-күйі қалай өзгергенін және әртүрлі пайдаланушылар арасында қандай заңдылықтар байқалғанын зерттеді. Ойыншылардың көбі ойыннан  алған позитивті эмоцияларды шопингтен алған ләззаттан көп  бірақ дәмді тамақ немесе жыныстық қатынасқа қарағанда аз деп бағалады.

Зерттеушілер Powerwash Simulator секілді ойындардың жағымсыз эмоцияларды тұрақтандыруға көмектесуі мүмкін деген қорытындыға келді. Дегенмен, мұндай ойындар ауыр жағдайларда тиімді болмауы мүмкін. Ал зерттеу ғылыми стандарттарға сай жүргізілмегендіктен, алынған нәтижелерді растап, нақты мақсатта қолдану мүмкін емес.