ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі азаматтардың смартфондарына зиянды қосымшаларды орнату арқылы қашықтан қол жеткізудің кең тараған алаяқтық әдістері туралы ескерту жасады. Бұл мәселе туралы Качественный Казахстан порталы хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі таңда Android операциялық жүйесі бар мобильді құрылғыларға зиянды бағдарламалық қамтамасыз етудің таралуы жиі тіркелуде.
Алаяқтар құрылғыларды жұқтыру үшін әртүрлі тәсілдерді қолданады:
- мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишинг сілтемелерін тарату;
- жалған мобильді қосымшалар ұсыну;
- фотосуреттер, бейнелер немесе құжаттар ретінде жасырылған зиянды қосымшалар;
- мемлекеттік органдар, банктер немесе жеткізу қызметтері атынан жіберілген хабарламалар;
- акция немесе жүлде ұтысына қатысуға шақырып, қосымшаны орнатуды талап ететін қоңыраулар.
Полиция ескертетіндей, мұндай қосымшаны орнатқаннан кейін алаяқтар құрылғыға қашықтан қол жеткізе алады. Бұл банктегі шоттардан ақша ұрлануына, онлайн кредиттердің рәсімделуіне, жеке деректер мен хат алмасулардың жария болуына, сондай-ақ телефонның құлыпталып, ақшалай өтемақы талап етілуіне әкелуі мүмкін.
Өзіңізді қорғау үшін:
- үшінші тұлғалардың ұсынысымен қосымшаларды орнатпаңыз;
- SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламаңыз;
- күдікті сілтемелерге кірмеңіз;
- қосымшалардың рұқсаттарын мұқият тексеріңіз;
- антивирус бағдарламаларын қолданыңыз;
- банктік операциялар туралы хабарламаларды қосыңыз.
Құрылғының зиянды бағдарламамен жұққанын көрсететін белгілер: батареяның тез таусылуы, құрылғының қызып кетуі, белгісіз қосымшалардың пайда болуы. Егер күдік туындаса, интернетті дереу өшіріп, банкпен байланысып, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Сандық қауіпсіздік әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізде.












