Жасанды интеллект саласында жаңадан бой көтерген Perplexity стартапы Кремний алқабындағы технология алпауыттарының назарын өзіне аударды. 2025 жылдың мамыр айында өткен қаржыландыру кезеңінен кейін компанияның нарықтағы бағасы 14 миллиард долларға жетті. Сарапшылардың айтуынша, Perplexity – іздеу жүйесі саласында Google-дың жетекшілігіне елеулі қауіп төндіруі мүмкін жобалардың бірі. Бірнеше дереккөздерге сүйенсек, Apple мен Meta бұл стартапты сатып алу мүмкіндігін алдын ала талқылаған.
Perplexity өзін жай іздеу жүйесі емес, нақты әрі толық жауап ұсынатын жаңа форматтағы платформа ретінде таныстырады. Жүйе қолданушың сауалын талдап, ірі тілдік модельдердің көмегімен түсінікті әрі жинақы жауап ұсынады. Ең бастысы – ұсынылған ақпарат нақты дереккөздерге сүйеніп беріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – ChatGPT-ге ұқсас, бірақ сілтемелермен толықтырылған анықтамалық көмекші.
Perplexity-дің басты артықшылығы — қарапайым, жарнамасыз интерфейс. Мұнда SEO-ға толы, қажетсіз ақпарат тықпаланып тұратын беттер жоқ. Нәтижелерді ұзақ қарап шығудың да қажеті жоқ. Жүйе нақты әрі жинақы жауап береді.
Алайда бұл сервисті сынаушылар да бар. Кейбір мамандар Perplexity-ді Google мен OpenAI ұсынған дайын бағдарламаларға құрылған, өз технологиясы жоқ, бірақ маркетингке бай жоба деп бағалайды. Яғни, сырттай жылтыр көрінгенімен, негізінен интернеттегі бұрыннан бар деректерді жинақтап қайта ұсынатын құрал ғана.
2025 жылдың мамырында Сан-Францискодағы стартап 500 миллион доллар инвестиция алғаннан кейін нарықтық бағасы бірнеше ай ішінде 9 миллиардтан 14 миллиард долларға жеткен.
Bloomberg агенттігі Apple компаниясы Perplexity-ді сатып алу туралы нақты келіссөз жүргізгенін хабарлайды. Meta да мұндай нұсқаны қарастырған, бірақ әзірге ешқандай ресми ұсыныс расталған жоқ.
Ірі технологиялық компаниялардың қызығушылығы түсінікті. Perplexity-дің өсу қарқыны жоғары, ал техно-инфлюенсерлер арасында оны “Google-дың ізбасары” деп атайтындар көбейіп келеді. Әрине, мұндай пікірлерге сәл абайлықпен қараған жөн. Дегенмен, соңғы айларда стартаптың сайтындағы трафик күрт артты. Компания Chrome-ға арналған кеңейтім, мобильді қосымша мен GPT-4 және Claude секілді озық модельдерге қол жеткізетін Pro-нұсқасын іске қосты.
Алайда жасанды интеллект саласындағы кей сарапшылар Perplexity-дің бұл серпінін нақты жетістіктен гөрі, уақытша қызығушылықтың нәтижесі деп бағалайды. Компания өз тілдік моделін жасап жатқан жоқ, жаңа инфрақұрылым да ұсынбаған. Іздеу жүйесіне түбегейлі бетбұрыс әкеліп отыр деу де қиын. Perplexity тек ашық дереккөздерден алынған ақпаратты жасанды интеллект көмегімен өңдеп, көркемделген интерфейс арқылы ұсынады.
Perplexity-дің ақпаратты қандай жолмен жинайтынына байланысты дау күшейе түсті. Бірқатар халықаралық басылым, соның ішінде The New York Times, Forbes пен Wired, компанияны авторлық құқықты бұза отырып, контентті заңсыз пайдаланған деп мәлімдеді.
2025 жылдың 20 маусымында BBC де осы мәселеге қатысты компанияға қарсы сот ісін қозғауға ниетті екенін мәлімдеді. Financial Times-тың жазуынша, британдық медиакорпорация Perplexity-дің өз контентін жасанды интеллект моделін үйрету үшін пайдаланғанына наразылық білдірген.
Perplexity неге сонша қызу талқыланып отыр?
Жауап қарапайым: іздеу жүйесі – миллиардтаған табыстың қайнар көзі. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Google тек іздеу жарнамасынан 50,7 миллиард доллар пайда тапқан. Бұл – былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға жуық артық. Егер Perplexity қолданушылардың аз ғана бөлігін өзіне тартып, бұл жүйені табыс әкелетін құралға айналдыра алса, Google-ға нағыз бәсеке болары анық.
Алайда бұл бәсеке мұнымен шектелмейді. Кім келешектегі іздеу жүйесінің пішінін қалыптастырса, сол қолданушының таңдауына да, назар бағытына да ықпал ете алады. Бұрын Yahoo-ды Google ығыстырғандай, енді Google-дың орнын Perplexity басуы әбден мүмкін. Сол себепті де технология алпауыттары бұл бәйгеге ерте қосылуға тырысып жатыр. Қазірдің өзінде неге қол қойып жатқандарын толық ұқпауы мүмкін, бірақ болашақтың осы бағытта екенін олар жақсы біледі.
Дереккөз: Shazoo