Пекиннің Ичжуан ауданында әлемдегі алғашқы 4S форматы бойынша адам пішінді роботтарды сатуға және қызмет көрсетуге арналған Robot Mall кешені өз есігін ашты. Орталықтың ашылуы 2025 жылғы Дүниежүзілік роботтар конференциясына орайластырылған. Robot Mall кешенінің қасында барлық қызметін роботтар атқаратын мейрамхана да жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Mobilaser Global Times дерегіне сілтеме жасап.
Шамамен төрт мың шаршы метр аумақта орналасқан кешенде медициналық, өнеркәсіптік, бионикалық және адам пішінді роботтар секілді жеті санат бойынша елуге жуық бренд ұсынылған. Бірінші қабатта жаңа модельдер көрсетілсе, екінші қабат интерактивті ойын және роботтарды басқару аймағына арналған. Үшінші қабат сервис орталығы ретінде жұмыс істесе, төртінші қабат кездесулер мен келіссөздерге арналған.
4S форматы клиенттерге толық қызмет көрсетуді қамтиды: сатылым, жөндеу, қосалқы бөлшектер жеткізу және кері байланыс алу. Кешенге Германия, Сауд Арабиясы және Қытайдың әртүрлі өңірлерінен компаниялар қызығушылық білдіріп отыр.
Robot Mall жанындағы мейрамхана шоу-зал мен сынақ алаңының қызметін атқарады. Мұнда робот-официанттар, аспаздар, бармендер және «робо-рок-топ» жұмыс істейді. Бұл әзірлеушілерге технологияны нақты пайдалану жағдайында сынап көруге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, осындай жобалар қоғамды роботтарға бейімдеуді жылдамдатады. Роботтар медицина мен өнеркәсіп саласында белсенді қолданыс тапқан. Ичжуан Қытайдағы жетекші робототехника орталықтарының бірі болып қала бермек, ал ел әлемде өнеркәсіптік роботтарды өндіру және патенттер саны бойынша көшбасшылық позицияны сақтап отыр