Жасанды интеллект саласындағы ірі компаниялардың бірі – OpenAI өз өнімін жаңартып, ChatGPT жүйесіне тың өзгеріс енгізді. Енді қолданушылар платформа ішінде сурет салып қана қоймай, оны өңдеп, өзгертіп, қалауы бойынша түрлендіре алады. Бұған дейін мұндай қызмет DALL·E жүйесі арқылы жүзеге асқан болса, енді ол тікелей GPT-4o моделіне біріктірілді.
Ең бастысы – бұл мүмкіндік тек ақылы жазылымы бар қолданушыларға ғана емес, баршаға қолжетімді. Алайда тегін нұсқада белгілі бір шектеулер болуы мүмкін.
GPT-4o моделі күрделі сипаттамалар негізінде шынайы әрі нақты бейнелерді жасауға қабілетті. Мәселен, жүйе адамның фотореалистік портретін салып беру, алдын ала берілген диалогтарға негізделген комикс құрастыру, мәтін мен логотип сияқты элементтерді айқын көрсету мүмкіндігіне ие. Бұл – бұған дейінгі сурет салу жүйелерінде жиі кездесетін кемшіліктердің орнын толтыруға бағытталған маңызды қадам
OpenAI мамандарының айтуынша, GPT-4o моделі чаттағы әңгіме желісін ескеріп, қолданушы сипаттаған бейнені нақты түрде жасап шығады. Жүйе жүктелген суретті өңдеп, оның түсін өзгертуге, артқы көрінісін жаңартуға, ракурсын ауыстыруға немесе адам бейнесін қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сурет өлшемін таңдау, түс кодын көрсету сияқты қосымша мүмкіндіктер де бар.
Сондай-ақ жүйе жүктелген сурет негізінде жаңа идея ұсынып, соның желісін жалғап бейне жасай алады. Мұның бәрі – қосымша құралсыз, ChatGPT платформасының ішінде жүзеге асады.