Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар OpenAI жаңа GPT-4.5 моделін таныстырды

OpenAI жаңа GPT-4.5 моделін таныстырды

79

Жасанды интеллект әлемінде тағы бір серпіліс. OpenAI компаниясы өз тарихындағы ең қуатты әрі дамыған модельдердің бірі – GPT-4.5 жүйесін ресми түрде таныстырды.

“Біз GPT-4.5 моделінің алдын ала нұсқасын ұсынамыз – бұл біздің ең ірі әрі жетілдірілген үлгіміз. Жаңа модель қолданушының сұраныстарын дәлірек түсініп, ойлау қабілеті мен шығармашылық тұрғыдан анағұрлым тиімді жұмыс істейді,” – делінген OpenAI мәлімдемесінде.

Жаңа модельдің басты ерекшелігі – пайдаланушы сұрағына шапшаң әрі нақты жауап беру қабілеті. Ол мәтін жазуда, код құрастыруда және ақпаратты өңдеуде бұрынғы нұсқалардан әлдеқайда тиімді. Компания сарапшылары GPT-4.5-тің алдыңғы үлгілермен салыстырғанда қателіктерді аз жіберетінін және логикалық байланыстарды анағұрлым жақсы құратынын атап өтті.

GPT-4.5 “бақылаусыз оқыту ауқымын кеңейту” қағидатына негізделген және Microsoft Azure суперкомпьютерлерінде жаттықтырылған. Бұл модельге тереңірек түсінік пен кең ауқымды білім қоры беріп, жалған ақпарат тарату (галлюцинация) ықтималдығын төмендетуге көмектескен.

OpenAI әзірге ең қуатты моделін ұсынғанымен, бұл соңғы жаңалық емес. The Verge басылымы GPT-4.5-тің “Orion” деген кодтық атаумен дайындалғанын хабарлады. Бұл OpenAI-дың терең логикалық пайымдауға негізделмеген соңғы моделі болуы мүмкін.

Алдағы уақытта компания GPT-5 моделін шығаруды жоспарлап отыр. Оның таныстырылымы 2025 жылдың мамыр айында өтуі мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, жаңа модель жасанды интеллекттің дамуында тағы бір маңызды кезең болмақ.