Жасанды интеллект (ЖИ) – енді ертеңнің технологиясы емес, бүгінгі өмірдің ажырамас бөлігі. Оның күнделікті тіршілігімізге қаншалықты терең сіңіп кеткенін аңғармай да қалдық. Alice, Alexa немесе Siri секілді дауыстық көмекшілер тек берілген тапсырмаларды орындаумен шектелмей, тұрмыста түрлі қызмет атқарып, «ақылды үй» жүйелерін басқаруға, сұрақтарға жауап беруге және адамның күнделікті ісін жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
Жасанды интеллект дегеніміз не? Ол адам ойына ұқсай ала ма, әлде тек алдын ала жазылған алгоритмдерге ғана сүйенетін құрал ба? Машина шынымен ойлай ала ма, әлде бар әрекеті есептеу жүйесінің шеңберінен шықпай ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз күнделікті өмірде де, кәсіби жұмыста да ЖИ-ді тұрақты қолданатын маман Жанна Дәулеталлинамен әңгімелестік.

Тілші: Жасанды интеллектімен қанша уақыттан бері жұмыс істеп келесіз?
Жанна: Нақты айтқанда, ЖИ-мен белсенді түрде айналысып жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Алайда бұл салаға мен бір сәтте келген жоқпын. Ұзақ уақыт ойланып, саналы түрде осы бағытты таңдадым.
Тілші: Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?
Жанна: Қазір мен бірнеше компанияда, соның ішінде халықаралық ұйымдарда көрнекі бейне жасаумен айналысамын. Жасанды интеллектінің көмегімен суреттер, қозғалысты бейнелер, жарнамаға арналған көріністер дайындаймын. Бұл – менің көптен бері ішімде жүрген арманым еді, ақыры соны іске асыра алдым.

Тілші: Бұл салаға қалай келдіңіз?
Жанна: Негізгі мамандығым – медицина, психиатр-дәрігермін. Алғашында өз кәсібім бойынша жұмыс істедім, кейін кәсіппен айналыстым, біраз уақыт шетелде тұрдым. Соған қарамастан, шығармашылыққа деген қызығушылығым ешқашан жоғалған емес. Фильмдер мен анимациялық дүниелер жасау, сурет салу әрдайым арманым болды. Жасанды интеллект арқылы ойдағы бейнені нақты көрініске айналдыру мүмкіндігі пайда болғанда, осы жолдың маған жақын екенін түсіндім. Әуелде түрлі бағдарламаларды өз бетімше меңгеруге тырыстым, кейін арнайы оқуға жазылуды жөн санадым.
Тілші: Бұл курсты Қазақстанда оқыдыңыз ба?
Жанна: Иә, оқу Қазақстандағы белгілі компаниялардың бірінде өтті. Ашығын айтсам, оқу ақысы арзан болған жоқ. Дегенмен, ол жерге таныстарымның ұсынысымен бардым әрі сабақты жүргізген маман туралы алдын ала жеткілікті мәліметім бар еді.
Тілші: Алғашқы нәтижелер қашан байқалды?
Жанна: Бұл мамандыққа саналы түрде келгенімді айттым ғой. Шамамен бір айдан кейін нақты тапсырмалар беріле бастады. Сол кезде өзімнің алға жылжып келе жатқанымды, істің шын мәнінде ұнап бара жатқанын сезіндім. Тіпті үйде жолдасым «аздап демалсаңшы» деп айтатын, ал мен жұмысқа беріліп кететінмін.
Оқу бірнеше айға созылды. Жасым алпысқа келгеніме қарамастан, барлық тапсырманы мұқият орындап, оқуға үлкен жауапкершілікпен қарадым. Курсты аяқтаған соң, үздік нәтиже көрсеткен тыңдаушылардың қатарында сол ұйымнан жұмыс істеу ұсынысы түсті. Ол кезде мекемеге түрлі фото-видеолармен жұмыс істейтін мамандар, мәтін өңдеушілер, көрнекі бейне жасаушылар қажет болатын.

Тілші: Қазір жұмысыңыз қалай жүріп жатыр?
Жанна: Осы аралықта мен көптеген нейросайттарды сынап көрдім. Әрине, бұл тегін емес, бірақ тәжірибе жинау мен үшін маңызды. Қазір де жұмысымды жалғастырып, жаңа дағдылар үйренудемін. Біздің командада мен Қазақстаннан жалғызбын, сондықтан үйренетінім көп. Мен үшін , мұнда барлығы тың әрі қызық. Нейросайттардың ең қызығы – ойды жүйелеп, бағыт көрсетуі. Егер ойлар шашыраңқы болса, ЖИ оларды реттеп, нақты нүктелерді айқындайды.
Сонымен қатар, басқа мамандардың жұмысын бақылау да мен үшін өте маңызды. Командамыздағы кей қыздар шынымен керемет туындылар жасайды. Өте әдемі, заманауи, үйлесімді жұмыстар. Солардың тәжірибесінен үйренгім келеді.
Тілші: Адам еңбегі мен жасанды интеллект жасаған жұмысты ажырата аласыз ба?
Жанна: Иә, ажырата аламын. Мен көбіне ChatGPT қолданамын, және мәтінді адам жазған ба, әлде ЖИ шығарған ба екенін бірден түсінемін. Кейде бұл сәл ренжітуі мүмкін, мысалы, әлеуметтік желіде біреу мәтінді өз еңбегі ретінде жариялайды, бірақ ол айқын ЖИ-ға тән ерекшеліктерді көрсетеді.


Тілші: ЖИ-ді қалай тиімді пайдалану керек?
Жанна: ЖИ күнделікті, қайталанып жасалатын жұмыстарда өте тиімді. Яғни, ол адамның жүктемесін азайтады. Мысалы, ақпарат іздеуде немесе қарапайым есептерді орындауда көмектеседі. Дегенмен алынған мәліметті әрдайым тексеру қажет.
Мен Google Gemini мен ChatGPT-ны тұрақты қолданамын. Сонымен қатар NotebookLM-ды да пайдаланамын. Бұл құрал ақпарат көп болған жағдайда әсіресе ыңғайлы. Мысалы, YouTube-та екі сағаттық видеоны қарауға мүмкіндік болмаса, жүйе деректерді талдап, ең маңызды, негізгі тұстарын бөліп шығарады. Нәтижесінде дайын контентті аудио немесе подкаст түрінде де тыңдауға болады.
Тілші: Интернетте ақпараттың көптігі, соның ішінде жалған деректер де бар. Сол себепті ең нақты нәтижеге қалай жетуге болады, қателіктерді қалай болдырмауға болады?

Жанна: Жасанды интеллект – толықтырмалы құрал. Нақты әрі шынайы жауап алу үшін оның баптауларын өзгерту қажет. Техникалық тұрғыда бұл мүмкіндігі бар. Мысалы, мен жұмысымда толықтырушы жауап қажет емес екенін көрсетемін, тек нақты сандық деректер немесе фактілер керек болса, жүйені солай баптаймын.
Тілші: Жасанды интеллект бақылаудан шығуы мүмкін екенін көбі айтып жүр. Сіздің ойыңызша, ол тек құрал ма, әлде өздігінен ойлайтын санаға ие ме? Кеңінен қолданылуы адамзатқа қандай қауіп төндіруі мүмкін?
Жанна: Google Gemini, NotebookLM немесе ChatGPT – санаға ие емес, олар адам сияқты ойламайды және адамның санасын алмастыра алмайды. Бұл – тек үлкен көлемдегі ақпаратты өңдейтін бағдарлама.
Адам бір уақытта сонша ақпаратты есте сақтай алмайды, ал ЖИ үшін бұл қиындық тудырмайды. Жүйе ақпаратты сұрауға сәйкес береді, яғни сұрақ қаншалықты нақты қойылса, жауап та соншалықты дәл болады. Сұрақты әркім әртүрлі қояды, сондықтан ЖИ әртүрлі жауап беруі мүмкін.
Ең бастысы, ЖИ сіздің орнына шешім қабылдамайды, тек қажетті ақпаратты береді. Ал шешім қабылдау – тек адамның қолында.

Тілші: Көбіне, ЖИ технологияларын қай салада қолданасыз?
Жанна: Мысалы, уақытты басқаруда өте ыңғайлы. Жасанды интеллект сізге тапсырмаларды тиімді ұйымдастыруға көмектеседі: жоспар құру, құндылықтарды айқындау, уақытты бақылау, ойларды жүйелеу, әрекет тәртібін көрсету, жоспарланған шараларды еске салу. Бұл – жеке көмекші немесе хатшы қызметін атқарады. Аталмыш технологиялар эмоциясыз жұмыс істейді, ал адам эмоцияға беріліп басқа бағытқа ауысуы мүмкін.
ЖИ-ді тиімді пайдалану бизнес, тауар таңдау немесе эмоциясыз талдау қажет кез келген салада маңызды. Мысалы, ЖИ екі нұсқаны көрсетсе, сіз артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстыра аласыз да, өз шешіміңізді қабылдайсыз. Мен өзім Алиса сияқты виртуалды көмекшіні пайдаланамын. Ал ол жоспарланған кездесулерді еске салады, дайындыққа қанша уақыт қажет екенін айтады, күннің әр бөлігіне жоспар құруға көмектеседі.
Бұл менің күнделікті өмірімде өте ыңғайлы, әрекеттер тізбегін көрсетіп, жоспарымды ұйымдастырады. Мен үшін ЖИ-ді осылай пайдалану тиімді. Дегенмен, ChatGPT әрдайым шынайы ақпарат бермейді, сондықтан алынған деректерді тексеру қажет.

Тілші: Жасанды интеллектімен жұмыс істегенде тағы не ұнайды?
Жанна: Мен табиғатым бойынша демократпын, сондықтан жасанды интеллект әртүрлі адамдарға тең мүмкіндік беретінін жоғары бағалаймын. Қоғамда жасқа, әлеуметтік мәртебеге немесе жынысына байланысты шектеулер болса да, ЖИ үшін бұл маңызды емес. Ол үшін сен кім екенің, жасың, жынысың маңызды емес.
Мен белгілі режиссерлермен бірдей сценарийлер ойлап табуға, идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік аламын. Әрине, шығармашылық тұрғыдан оларға толық тең бола алмаймын, бірақ ойлағанымды жүзеге асыруға жағдай жасайды.
ЖИ психологиялық қолдау көрсетуге де қабілетті. Мысалы, адам күйзелісте болса, ол жай ғана тыныштандырып, «мен қасыңдамын, алаңдама» деп айтуы мүмкін. Мұндай сөздер психиатрлар немесе психологтар бағдарламаның ішіне енгізген. Жақын адам, дос-құрбы жоқ кезде, ЖИ психологиялық көмекші ретінде әрекет ете алады.
Тілші: Нейрожелілер уақыт өте қалай өзгереді? Олар соңғы жылдары ғана пайда болған жоқ па?
Жанна: Бұл бағдарламалардың өздігінен үйрену қабілеті ерекше. Бұрын сұраныстар тек ағылшынша жасалса, қазір кез келген ыңғайлы тілде сұрауға болады. Мен көбіне орыс тілінде жұмыс істеймін, бірақ қазір қазақ тілінде де сұраныс жасауға мүмкіндік бар. Бағдарламалар өздігінен үйренетіндіктен, тез жетіліп отырады. Мысалы, мен видеороликтер жасай аламын, яғни бұрын диалогтар тек ағылшын тілінде болса, қазір оларды орыс және қазақ тілдерінде де табуға болады.
Тағы бір артықшылығы бар: әр ChatGPT сіздің сұраныстарыңызды талдап, бәрін есте сақтайды. Мысалы, алты айдан кейін бұрын жасаған сұранысыңызды табу қажет болса, бағдарлама оны және оны жасаған уақытты оңай көрсетеді.

Тілші: Қазір мектеп оқушылары мен студенттер ЖИ-ді сабаққа дайындалуда қолданады, яғни өздері ойланбай, дайын жауапты пайдаланады.
Жанна: Әрине, дайын жауапқа ғана сүйену дұрыс емес. Бірақ бұл бақылаудағы процесс. Ата-аналар мен мұғалімдер балаларға ЖИ-ді қалай дұрыс пайдалану керегін үйретуі тиіс. Университеттерде, мысалы, студент жазған мәтіннің қаншасы өзі жазған, қаншасы ЖИ көмегімен дайындалғанын анықтайтын сүзгілер бар. Егер жұмыс үлкен көлемде ЖИ көмегімен жасалған болса, оны қабылдамайды.
Тілші: Сіздің ойыңызша, жасанды интеллекттің кеңінен қолданылуынан қорқу керек пе?
Жанна: Күнделікті өмірде қолданылатын ЖИ қауіпті емес, керісінше пайдалы. Әрине, бәрі оны қолданатын адамдарға байланысты. Мысалы, алаяқтардың қолына түссе, қауіп төнуі мүмкін. Бірақ белгілі тақырыптарға тыйымдар бар.

Біз ыдыс жуғыш машинаны, микротолқынды пешті қолдануға үйрендік. Енді сол сияқты жасанды интеллектті де күнделікті өмірде тиімді пайдалану қалыптасады.
Бірақ 60–70-жылдары туған ұрпақ басқаша екенін ескеру қажет. Мен оны түсіндім. Өйткені олар сол кезде қаламмен жазып, есепшоттармен есептеген дәуірде бастады. Сондықтан оларға қырсықтықпен қарамай, сыпайылық таныту керек.
Егер сәтті, өзін-өзі толыққанды жүзеге асырған адам болғың келсе – даму керек. Дегенмен бұл әркімге берілмеген қасиет, әрі әр адамға міндетті де емес, өйткені әрқайсысының өз орны бар. Менің ойымша, жасанды интеллект – тек құрал, көмекші. Одан қорқу қажет емес. Таңдау әрқашан біздің қолымызда. Бұл адамның сана-сезімі немесе эмоциялары емес. ЖИ жұмысы математикалық алгоритмдерге және деректердегі заңдылықтарды іздеуге негізделген. ЖИ тек ақпарат береді, ал шешімді адам өзі қабылдайды.












