Home Технологиялар Ғарыш Үндістан 2025 жылы ғарышқа адам бейнесіндегі робот жібереді

Үндістан 2025 жылы ғарышқа адам бейнесіндегі робот жібереді

10

Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) 2025 жылдың желтоқсанында орбитаға адам бейнесіндегі роботты ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл- 2027 жылы өтетін алғашқы пилоттық ғарыш сапарына дайындықтың бір бөлігі ретінде саналады, деп мәлімдеді ұйым төрағасы Ваннияперумал Нараянан Odisha Bytes басылымына.

Әйел бейнесіндегі «Виоммитра» атты робот ғарыш кемесінің негізгі жүйелерін сынақтан өткізеді. Ол өмірді қамтамасыз ету және ұшуды басқару жүйелерін тексереді. 2026 жылы тағы екі ұшқышсыз миссия жүзеге асырылмақ. Нәтижелері сәтті болған жағдайда, Үндістанның алғашқы адам қатысатын ғарыш сапары 2027 жылдың наурызында ұшырылады.

«Гаганьян» жобасын Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди 2018 жылы жариялаған. Бастапқыда алғашқы пилоттық сапар 2022 жылға жоспарланғанымен, пандемия және өзге де себептерге байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді.

Миссияға арналған ғарыш кемесі үш адамдық экипажға есептелген. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асса, Үндістан Ресей, АҚШ және Қытайдан кейін ғарышқа өз күшімен адам ұшырған төртінші ел атанбақ.

Айта кетейік, биыл мамырда үнділік PSLV-XL зымыранының 101-ші ұшырылымы сәтсіз аяқталған еді. Тасығыш зымыран Жерді қашықтан зерттеуге арналған EOS-09 спутнигін орбитаға шығара алмады.