Home Технологиялар Инновациялар Моңғолияда жылқыны бақылауға арналған қазақстандық «Ғарыш шопаны» пайда болады

Моңғолияда жылқыны бақылауға арналған қазақстандық «Ғарыш шопаны» пайда болады

10

Қазақстандық iGPS Tech компаниясы жануарларды спутник арқылы бақылауға арналған жүйесін Моңғолия нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Жоба жылқылардың орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді. Ал қосымша датчиктер арқылы олардың дене қызуы мен қозғалыс белсенділігі туралы ақпарат алуға болады. Деректерді жіберу үшін ұялы байланыс қажет емес, деп жазады digitalbusiness.kz.

Компания өкілдері Моңғолияда үкімет мүшелерімен, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен және жергілікті мал өсірушілер қауымдастығымен кездесулер өткізген. Алайда шетел нарығына шығуға дайындық басталмас бұрын, iGPS командасы осыдан сегіз жыл бұрын пайда болған мәселенің шешімін іздеген. Ол шаруашылықтан ондаған шақырым ұзап, жайылымға кеткен жылқыны қалай табуға болады деген сұрақ еді.

Алғашында GPS-трекерді үйірдің жетекші айғырына орнатуға болатын. Иесі оның координаттарын көріп, сол арқылы бүкіл үйірдің қай жерде жүргенін анықтайтын. Кейін команда жеке мобильді қосымшасын жасап, шетелдік дайын жабдықтарды пайдаланудан біртіндеп бас тартып, өз құрылғыларын әзірлеуге көшті.

iGPS Tech мәліметінше, қазір жүйені 3800-ден астам адам пайдаланады. Оның көмегімен 130 мыңнан астам жылқының қозғалысын бақылауға болады.

Кейін компания бұл шешімді одан әрі жетілдіріп, биосенсорлармен бірге жұмыс істейтін спутниктік трекер ұсынды. Бір негізгі трекер тоғыз қосымша датчиктен ақпарат қабылдай алады. Осылайша бір жинақ он жылқыға дейінгі топты бақылауға арналған. Биосенсорлар әр жылқының дене қызуы мен қозғалыс белсенділігін тіркейді. Негізгі құрылғы жиналған деректерді қабылдап, спутниктік байланыс арқылы жібереді.

Жүйе иесіне жылқының қай жерде жүргенін анықтаумен қатар, оның жағдайы мен белсенділігі туралы қосымша мәлімет алуға мүмкіндік береді. Компания алдағы уақытта осы мүмкіндіктердің барлығын біріктіріп, табынды цифрлық басқаруға арналған бірыңғай жүйе жасауды жоспарлап отырғанын айтады.

(Қысқартылып жарияланды.)