Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда Starlink спутниктік интернеті ресми түрде іске қосылады

Қазақстанда Starlink спутниктік интернеті ресми түрде іске қосылады

12

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы елімізде спутниктік терминалдарды сату жөнінде келісімге қол қойды. Ресми мәліметке сәйкес, сату жұмыстары 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады.

Жоба шалғайдағы ауылдарды жылдам интернетпен қамтуды көздейді. Әсіресе, талшықты-оптикалық желі тарту мүмкін емес немесе қиын аймақтардағы мектептер, медициналық мекемелер, көшпелі қызметтер мен инфрақұрылым нысандарына байланыс қолжетімді болмақ.

Бұған дейін Starlink жүйесі Қазақстанда тек пилоттық негізде, кейбір білім беру жобаларында ғана қолданылған еді. Енді компания еліміздің ақпараттық қауіпсіздік талаптарын толық орындауға міндеттеліп, ресми жұмысқа кіріседі.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, компания биыл ұйымдастырушылық және техникалық дайындық жұмыстарын аяқтайды. Осыдан кейін азаматтар Starlink жабдықтарын заңды түрде сатып алып, тіркеп қолдана алады.

Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін қызмет көрсету тәртібі мен құрылғыларды тіркеу ережелері пысықталып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда спутниктік интернетті рұқсатсыз пайдалану заңмен шектелген еді. Мәселен, жеке тұлғаларға 5 АЕК (2025 жылы – 19 660 теңге), ал лауазымды тұлғалар мен шағын бизнеске 20 АЕК, орта және ірі бизнеске 80 АЕК-ке дейін айыппұл салынатын.