Microsoft корпорациясы жасанды интеллектіге негізделген өз ойлау жүйелерін жасап, оларды әзірлеушілерге ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл қадам компанияның OpenAI-ге тәуелділігін азайтып, нарықта өз орнын нығайтуға бағытталған.
АҚШ-тың Редмонд қаласында орналасқан технология алыбы қазір xAI, Meta және DeepSeek секілді компаниялардың модельдерін сынақтан өткізіп, OpenAI-дің Copilot қызметіндегі орнын басатын балама нұсқаларды қарастырып жатыр.
Microsoft бұған дейін OpenAI-мен серіктес бола отырып, жасанды интеллектке негізделген Microsoft 365 Copilot қызметін ұсынған еді. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – OpenAI-дің GPT-4 моделін қолдануында болатын. Алайда, компания енді өз жасанды интеллект модельдерін жасап, оларды сыртқы әзірлеушілерге сатуды көздейді.
Қазіргі таңда Microsoft AI бөлімшесі MAI деп аталатын жаңа модельдер топтамасын әзірлеуде. Бұл жүйелер OpenAI мен Anthropic өнімдерімен тең дәрежеде жұмыс істеп, жоғары нәтижелер көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, компания жасанды интеллекттің күрделі тапсырмаларды шешу қабілетін жақсарту үшін “ойлау тізбегі” (Chain of Thought) әдісін енгізуде.
Алдағы уақытта Microsoft осы жаңа модельдерін API түрінде әзірлеушілерге қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, сыртқы әзірлеушілер Microsoft технологияларын өз қосымшаларына енгізіп, жасанды интеллектті кеңінен қолдана алады.
Мақала Рейтер деректеріне сүйене отырып жазылған.