Американдық Meta корпорациясы өз бағдарламаларының бірін – әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік (DEI) саясатын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы CNN ақпарат агенттігі хабарлады.
Meta кадрлар бойынша вице-президенті Джанель Гейл әлем бойынша компания қызметкерлеріне жазған хатында DEI тобын таратып, теңдік пен инклюзивтілік бағдарламаларын аяқтайтынын және жұмысқа қабылдау мен жеткізушілерді таңдау әдістерін өзгертетінін мәлімдеді.
Гейлдің айтуынша, АҚШ-тағы құқықтық және саяси жағдайлар өзгеруде. Бұл өзгерістер DEI бағдарламаларына қатысты жаңа көзқарастардың пайда болуына себеп болды. Сонымен қатар, ол DEI термині соңғы кездері теріс түсініктерге алып келгенін атап өтті. Халықтың кей бөлігі бұл бағдарламалар «белгілі бір топтарға артықшылық беру» деп санайды.
Meta компаниясы DEI бағдарламасын тоқтатып, оның орнына әділ және тұрақты әдістерді қолдануды мақсат ететін жаңа бағдарламаларды әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл бағдарламалар баршаға бейтарап және әділ болуды қамтамасыз етуге бағытталады.
Компания басшысы Марк Цукерберг бастапқыда сөз бостандығы мен еркіндіктің қолдаушысы болса, кейін АҚШ Президенті Джо Байден әкімшілігінің коронавирусқа қатысты жалған ақпаратты шектеу мақсатында жасаған қысымынан соң өз көзқарасын өзгерткен.
Цукерберг факт тексеру және контентті модерациялау шараларының нәтижесінде әлеуметтік желілерге деген сенімнің азайғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол Байден әкімшілігінің өкілдері өз командасына қысым көрсеткенін және бұл жағдайдың құжатталғанын мәлімдеді.