Home Технологиялар Инновациялар Су үстінде жұмыс істейтін дата-орталықтар қаншалықты тиімді?

Су үстінде жұмыс істейтін дата-орталықтар қаншалықты тиімді?

5

Ресейде мәліметтерді өңдеуге арналған тың жоба – су бетінде жұмыс істейтін дата-орталықтар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ұлттық технологиялық бастаманың баспасөз қызметі мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай орталықтар (деректерді өңдеу орталықтары) құрлықтағы баламаларына қарағанда тезірек іске қосылады әрі құрылысы 20–30 пайызға дейін үнемдірек.

Жоба авторларының айтуынша, құрлықтағы дата-орталықтарды салу барысында түрлі кедергілер жиі кездеседі. Мәселен, қажетті талаптарға сай жер телімінің тапшылығы, оның қымбаттығы, электр қуатының жоғары тарифтері мен салқындатуға кететін шығын — мұның бәрі жобадан бас тартуға түрткі болуы мүмкін. Бұл әсіресе Арктика, Сібір мен Қиыр Шығыс өңірлерінде айқын сезіледі.

Сонымен қатар, табиғи апаттар, лаңкестік әрекеттер немесе әскери қақтығыстар кезінде жер үстіндегі орталқтар толықтай істен шығып, қайта қалпына келмейтін деңгейде зақымдалуы мүмкін. Ал бұл кезде деректер көлемі үнемі артып келе жатқанын ескерсек, жаңа орталықтар салу қажеттілігі күн тәртібінен түспейді.

Мамандар бұл түйткілдердің шешімі ретінде су үстінде жұмыс істейтін дата-орталықтарды ұсынып отыр. Олар — қозғалмалы немесе тұрақты платформаға орнатылған мәліметтер өңдеу жүйелері. Мұндай орталықтар өзен-көлдер арқылы қажетті орынға жеткізіліп, судың өзімен салқындатылып, энергиямен жер үстіндегі көздерден немесе автономды блоктар арқылы қамтамасыз етіледі. Тіпті шағын ядролық станциялар да қолданылуы мүмкін.

Су үстіндегі дата-орталықтардың басты артықшылықтарының бірі – олардың икемділігі: қажетті жағдайда орнын ауыстырып, деректерді сақтау мен өңдеу үшін ыңғайлы аймаққа жылжи алады. Мұндай орталықтар уақытша жобалар үшін де, мобильді құрылым ретінде де тиімді. Сонымен қатар, бірнеше платформаны біріктіріп, біртұтас инфрақұрылым жасауға болады.

Қазіргі уақытта жоба авторлары техникалық тұжырымдамасын жасап, технологиялық әріптестер мен инвесторларды іздеуге кіріскен. Ресейде ондай орталықтардың негізгі тапсырыс берушілері ретінде мемлекеттік корпорациялар, ірі кәсіпорындар және цифрлық мәліметтерді үлкен көлемде пайдаланатын құрылымдар қарастырылып отыр.

Ал бұл жоба Қазақстан үшін қаншалықты өзекті болуы мүмкін? Кейбір сарапшылардың пікірінше, мұндай бастама елімізде де сұранысқа ие бола алады. Өйткені су тапшылығы — Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе өндіріс орындары су көздерінен шалғай орналасқан жағдайда бұл проблема айқын сезіледі. Дегенмен Балқаш, Алакөл мен Қапшағай сияқты ірі су қоймалары бар ел үшін су үстінде жұмыс істейтін дата-орталықтар жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал.

Әрине, бұл тек бастама. Оны отандық сарапшылар мен IT-мамандар, энергетиктер мен экологтар жан-жақты зерттеп, бағамдауы тиіс. Бірақ цифрлы мәліметтер заманы үдеген тұста, инновациялық шешімдерге бет бұру – уақыт талабы.