Mem0 компаниясының зерттеушілері жасанды интеллектінің ұзаққа созылатын әңгімелерді есте сақтау мүмкіндігін едәуір арттыратын жаңа жад архитектураларын ұсынды. Mem0 және Mem0g деп аталатын бұл екі жүйе үлкен тілдік модельдердің (LLM) маңызды ақпаратты ұмытпай, оны уақыт өте келе тиімді қолдануына жол ашады. Бұл — контекст терезесі қаншалықты кеңейтілсе де, ұзақ диалогтағы деректермен жұмыс істей алмайтын қазіргі LLM жүйелерінің негізгі кемшілігін жоятын шешім.
Компанияның бас директоры Таранджит Сингхтің айтуынша, қазіргі LLM-дердің әлсіз тұсы — маңызды мәліметтерді қолданбауы. Мысалы, медициналық көмекші науқастың аллергиясын ескермей қоюы немесе саяхат жоспарын құратын ассистенттің бұрын айтылған деректерді назардан тыс қалдыруы мүмкін.
Mem0 бұл мәселені екі кезеңді тәсіл арқылы шешеді. Алдымен жүйе соңғы хабарламалар мен бүкіл диалогтың қысқаша мазмұнын сараптап, негізгі фактілерді іріктейді. Кейінгі кезеңде — жаңа ақпаратты жадқа қосу, бұрынғы деректі жаңарту немесе қайшылықты мәліметтерді өшіру қажет пе, соны бағалайды. Осылайша агенттің жады үнемі жаңарып, контекст артық жүктелмейді.
Mem0g архитектурасы бұл тәсілді одан әрі дамытып, жад құрылымына графтық үлгі енгізеді. Мұнда адамдар, оқиғалар мен нысандар торап ретінде, ал олардың арасындағы байланыстар қыр ретінде көрініс табады. Бұл жүйе ЖИ-ға күрделі ассоциациялар құруға мүмкіндік береді. Мәселен, сапар күндерін белгілі бір қала мен оқиғаға байланыстыра алады.
Жаңа жүйе LOCOMO мәліметтер жинағы арқылы сыналған. Нәтижесінде, Mem0 жауап беру уақытын 91 пайызға қысқартқан және контекст үшін қажет токендер санын 90 пайыздан астам үнемдеген. Мұндай үнемділік жауап сапасына кері әсер етпейді. Ал Mem0g күрделі логикалық және уақыттық байланыстарды қажет ететін тапсырмаларда жақсы нәтиже көрсеткен.
Бұл технологияны бизнеске енгізу – тұтынушыларға қызмет көрсету, медицина және жоспарлау салаларында сенімді жасанды интеллект агенттерін құруға жол ашады. Қарапайым сценарийлерге — Mem0, ал күрделі, ұзақ мерзімді талдауларға — Mem0g тиімді. Ең бастысы — бұл жүйелер қосымша есептеу қуатын талап етпейді, яғни бизнестің шығынын арттырмайды.