Маңғыстау ауданында баламалы энергия көзін дамытуға арналған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік Қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлады.
Күн электр станциясының құрылысын Stellar Energy компаниясы жүргізіп жатыр. Жоба аясында жалпы аумағы 44 гектар жерге 28 800 күн панелі орнатылады. Әрқайсысының ауданы – 2 шаршы метр. Сонымен қатар, әкімшілік ғимарат пен инженерлік желілер де салынады.
Жоба жетекшісі Жан Пэнгтің айтуынша, құрылыс аяқталған соң станция сағатына 20 мегаваттқа дейін электр қуатын өндіре алады. Панельдер күн сайын шамамен 13 сағат бойы күн сәулесін сіңіруге қабілетті.
Жобада серіктес ретінде атсалысып жатқан «Каспийцемент» компаниясының мәліметінше, станция салынатын жердің таңдалуына күннің тұрақты әрі ұзақ түсуі негізгі себеп болған.
Жоба аймақтағы электр энергиясына деген сұранысты төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының инвестиция тарту және өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмасымен үндесіп жатыр.