Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінің бірінде жас сарбаздарды психологиялық сүйемелдеудің цифрлық модулі енгізілді. Жоба мерзімді әскери қызметке жаңадан келгендерді бастапқы психологиялық тексерудің сапасын арттыруға бағытталған.
Жүйе әскери бөлімнің ішкі ақпараттық кеңістігінде іске қосылып, жас сарбаздар келген алғашқы үш тәулік ішінде жүйелі түрде қолданылады. Осы үдерісті тиімді ұйымдастыру мақсатында жергілікті желіге біріктірілген он екі автоматтандырылған жұмыс орны арнайы жарақтандырылған.
Енді тестілеуден өткеннен кейін жүйе әрбір әскери қызметшіге қатысты психологиялық мінездемені автоматты түрде қалыптастырады. Онда қысқаша талдау жасалып, ықтимал тәуекелдерге баға беріледі.
Психологиялық қамтамасыз ету қызметінің басшысы Жанар Шакаеваның айтуынша, бұл жаңашылдық мамандардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, жас сарбаздармен жеке қарым-қатынасқа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Жүйе тәулігіне 100 адамға дейін деректерді өңдей алады, бұл шақырылым қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта жоба сынақ кезеңінен өтуде. Оның тиімділігі дәлелденген жағдайда, цифрлық шешімді құқықтық тәртіп әскерлерінің барлық әскери бөлімдеріне енгізу жоспарланып отыр.












