Home Технологиялар Ғаламтор және желі Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге арналған жаңа цифрлық жүйелерді таныстырды

Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге арналған жаңа цифрлық жүйелерді таныстырды

23

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі бизнес қауымдастығына екі жаңа цифрлық өнімді таныстырды. Бұл әзірлемелер кәсіп ашу үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Алғашқы цифрлық өнім – Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетіне енгізілген Міндетті талаптар тізілімі. Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қойылатын талаптар көптеген нормативтік құқықтық актіде қамтылғандықтан, оларды тәжірибеде қолдану бірқатар қиындық туғызады. Жаңа цифрлық жүйе осы талаптарды бір ортаға жинақтап, кәсіпкер таңдаған қызмет түріне сәйкес орындалуы міндетті талаптардың жеке тізбесін автоматты түрде қалыптастырады.

Талаптар тізімін алу үшін пайдаланушы өз қызмет саласын таңдап, бірнеше нақтылаушы сұраққа жауап береді. Осыдан кейін жүйе қажетті талаптардың толық тізімін әзірлеп, рұқсат құжаттарын рәсімдеуге арналған мемлекеттік электрондық қызметтерге тікелей сілтемелерді ұсынады.

Қазіргі уақытта тізілімге экономиканың түрлі саласын қамтитын шамамен 106 мың міндетті талап енгізілген. Цифрлық сүзгілеу тетігінің көмегімен артық талаптар алынып тасталып, кәсіпкерлерге олардың нақты қызмет бағытына қатысты талаптар ғана ұсынылады.

Тізілім кәсіпкерлік қызметке түсетін әкімшілік жүктемені бағалауға да мүмкіндік береді. Арнайы есептеу тетігі әрбір міндетті талапты орындауға қанша уақыт пен қаржы жұмсалатынын айқындайды. Бұл кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіруге ықпал ететін қосымша құралдың бірі болмақ.

Таныстырылған екінші цифрлық жүйе – Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай жүйесі. Бұл жүйе субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, кепілдік ұсыну және гранттар жөніндегі қолданыстағы бағдарламалар туралы мәліметтің барлығын бір жерге жинақтайды. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер өзіне қолайлы қолдау тетіктерін таңдап, өтінімін бірыңғай цифрлық жүйе арқылы жолдай алады.

Бизнес қауымдастығының өкілдері бастаманы қолдап, цифрлық жүйелердің жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, заңнамадағы өзгерістер туралы алдын ала хабарлау тетігін енгізу және пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жасанды интеллект технологияларын пайдалану ұсынылды.

Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, министрлік болашақ пайдаланушылардың пікірін ескеру үшін цифрлық жүйелердің бастапқы үлгілері дайын болған кезеңде-ақ бизнес қауымдастықпен кездесуді жөн көрген.

«Біз цифрлық жүйелердің бастапқы үлгілері дайын болған кезде оларды болашақ пайдаланушыларға ұсынып, ұсыныс-пікірлерін тыңдауды мақсат еттік. Кәсіпкерлердің заңнамадағы өзгерістер туралы ақылды хабарламалар енгізу жөніндегі бастамасы өте орынды. Түскен барлық ұсыныс жан-жақты зерделеніп, жүйелерді толық жетілдіру барысында міндетті түрде ескеріледі», – деді Бекболат Молдабеков.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды Telegram арнамыздан оқи аласыздар.