Америкалық Looking Glass компаниясы 27 дюймдік жаңа иммерсивті дисплейін ұсынды. Жаңа құрылғы бірнеше адамның бір мезгілде 3D кескіндерді арнайы көзілдіріксіз көруіне мүмкіндік береді. Дисплейдің бағасы – 10 мың доллар.
Бар-жоғы 25 мм қалыңдықтағы экран 5K ажыратымдылықпен жұмыс істейді, жаңарту жиілігі – 60 Гц. 16 дюймдік виртуалды тереңдік пен 8-биттік түстерді дәл жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл көріністерге шынайы жарық, материал мен жартылай мөлдір бейнелер әсерін береді. Соның арқасында көрермен өзін 3D сахнаның ішіне кіріп кеткендей сезінеді.
Жүйенің басты ерекшелігі – оны бірнеше адам бір уақытта пайдалана алады. Қосымша құрылғысыз-ақ көрермендер экрандағы көріністі 100 түрлі бұрыштан, яғни 53 градустық көру кеңістігінде көре алады. Құрылғы арқылы 3D бейнероликтер, қосымшалар мен түрлі медиаматериалдар көрсетіледі. Дисплейді үстелге қоюға да, қабырғаға орнатуға да болады. Тік немесе көлденең күйде қолдану мүмкіндігі бар.
Компания өкілдері жаңа өнім білім беру, медицина, музей, зертхана, ғылыми орталықтар мен дизайнерлерге, сондай-ақ сауда мен ойын-сауық саласына арналғанын айтады. Алғашқы жеткізілімі маусым айына жоспарланған.