Home Технологиялар Әлеуметтік желі қолданушысы жасанды интеллект мамандарына деген сұраныстың артуына күмән келтірді

Әлеуметтік желі қолданушысы жасанды интеллект мамандарына деген сұраныстың артуына күмән келтірді

42

Facebook желісінде Дмитрий Каминский жасанды интеллект саласында мамандар санының күрт өсуіне қатысты пікір білдірді. Оның пайымынша, жасанды интеллектіні нақты кәсіби міндеттер мен бизнес қажеттіліктерінен бөлек қарастырғанда, оның өзіндік құндылығы төмен.

“Жасанды интеллект мамандарына деген сұраныстың күрт артып, бұл салада бәсекенің күшеюін толық түсіне бермеймін. Алайда мұндай үрдістің артында кімдер тұрғанын жақсы білемін”,-дейді ол. Болашақта аса қажет болатын мамандық ретінде жасанды интеллект саласын кеңінен танытып отырғандардың қатарында осы технологияға қажетті есептеу қуатын өндіретін компаниялар мен нарықтағы ірі ойыншылар бар. Олар қоғамдағы осы алаңдаушылық пен дүрбелеңнен миллиардтаған доллар пайда көріп отыр.

Оларға өз технологиялары мен осы бағыттағы сан түрлі мамандарсыз кез келген бизнестің ертең-ақ тығырыққа тірелуі мүмкін деген түсінікті орнықтыру тиімді.

Ең қызығы, мұндай жағдайды бұған дейін де бастан өткердік. Бірнеше жыл бұрын деректерді талдау саласында да осындай дүрлікпе болған. Ол кезде әрбір екінші оқу курсы адамды деректердің қыр-сырын меңгерген маманға айналдыруға уәде берді, ал компаниялар аналитиктерді жаппай жұмысқа алып, олардан керемет нәтиже күтті. Алайда кейін нақты бизнес үдерістерін түсінбейтін деректер талдаушысының қолынан ешкімге шешім қабылдауға көмектеспейтін, сырт көзге тартымды ақпараттық панельдер жасаудан басқа көп нәрсе келмейтіні анықталды.

Одан да әрі шегініп қарасақ, MS Office бағдарламаларымен болған жағдайды көреміз. Бір кездері Excel немесе Word бағдарламаларын меңгеру жеке әрі маңызды кәсіби дағды саналды. Тіпті компаниялар компьютер қолдана алатын адамды ғана арнайы артықшылық ретінде көріп, жұмысқа қабылдайтын. Уақыт өте келе MS Office күнделікті кәсіби сауаттылықтың бір бөлігіне айналды. Қазір ешкімге жай ғана Word бағдарламасын жақсы білетін маман қажет емес. Компанияға келісімшартты сауатты әзірлей алатын заңгер немесе Excel арқылы жұмыс істейтін қаржылық модельдер құрастыра алатын қаржы маманы керек.

Жасанды интеллектпен де дәл осындай үдеріс жүріп жатыр. Жасанды интеллект жеке мамандық емес, белгілі бір міндетті орындауға мүмкіндік беретін құрал ғана. Оны нақты жағдайдан және бизнес міндеттерінен бөліп қарағанда, оның өздігінен ешқандай құндылығы жоқ. Нейрондық желілермен жұмыс істейтін, бірақ белгілі бір саланы терең білмейтін маман сырттай тартымды болғанымен, іс жүзінде пайдасы аз өнім ғана жасай алады. Ал бұл құралды меңгерген дәрігер диагнозды жылдам әрі дәлірек қоя алады, инженер жобалау жұмысын жеделдетеді, ал маркетолог бірнеше апта жұмсамай-ақ, өз болжамдарын бірнеше сағат ішінде сынап көре алады.

Бізге қарапайым сұранымдар құрастыра алатын жасанды интеллект мамандарының үлкен армиясы қажет емес. Бізге өз саласын терең білетін дәрігерлер, заңгерлер, педагогтер, сәулетшілер мен қаржы мамандары және өз міндеттерін шешуде осы қуатты құралды тиімді қолдана алатын кәсіби мамандар қажет. Болашақ тек нейрондық желілерді меңгергендерге емес, жасанды интеллектіні өз кәсіби қабілетінің жалғасына айналдыра алған өз ісінің шеберлеріне тиесілі.

Дмитрий Каминский, Facebook

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.

Дмитрий Каминский, Facebook