Home Технологиялар Ғаламтор және желі Үкімет киберқауіпсіздік шараларын күшейтті

Үкімет киберқауіпсіздік шараларын күшейтті

14

Қазақстан азаматтарын телефон арқылы алдаудан қорғау және жеке деректердің жария болу жағдайларын анықтау бағытында жұмыс күшейтілді. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, жыл басынан бері алаяқтар тарапынан жасалған миллиондаған қоңырау дер кезінде бұғатталып, тұрғындарға жетпей тоқтатылған. Бұл — цифрлық қауіпсіздікті күшейту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстар мен тиісті органдардың өзара үйлесімді әрекетінің нәтижесі.

«67 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды. Яғни, олар біздің азаматтарға қоңырау шала алмады», — деді Үкімет басшысы.

Бектенов елдегі жеке деректердің таралуы жөніндегі ақпаратқа да пікір білдірді. Алдын ала болжам бойынша, деректердің ашық кеңістікке шығуына денсаулық сақтау саласындағы бір ақпараттық жүйенің техникалық осалдығы себеп болуы мүмкін.

«Тергеу әлі жалғасып жатыр. Қазір нақты тұжырым айту ерте. Бірақ кінәлі тұлғалар анықталса, заң аясында жауапкершілікке тартылады», — деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға байланысты киберқауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Президенттің айтуынша, сенімді цифрлық экожүйе — технологиялық тұрақтылық пен деректердің қорғалуынсыз мүмкін емес.