Home Робот пен дрондар,ЖИ Oqylyq.kz Ұлыбританиядағы жүргізушілерге арналған емтихандарды цифрландырады

Oqylyq.kz Ұлыбританиядағы жүргізушілерге арналған емтихандарды цифрландырады

26

Қазақстандық TrustExam.ai платформасы (ел ішінде Oqylyq.kz атауымен белгілі) Ұлыбританияның ең ірі жүргізушілерді даярлау ұйымы — Driving Instructors Association (DIA)-мен стратегиялық келісімге қол қойды.

Әріптестік жөніндегі уағдаластық London Tech Week 2025 көрмесінде жасалды. Ұлыбританияға барған қазақстандық IT-компаниялар өз жобаларын ұлттық стендте таныстырған болатын.

Жаңа келісім аясында TrustExam.ai жүргізушілер мен мотоцикл жүргізушілеріне арналған теориялық емтихан жүйесін цифрлық тұрғыда жаңғыртады. Жасанды интеллектіге негізделген шешімдер емтихан тапсыру процесін жеделдетіп, бағалаудың әділдігін арттырады және емтихан орталықтарындағы жүктемені азайтады.

Жаңа жүйе емтихан тапсырушыларға уақыт үнемдеуге, ыңғайлы кесте таңдауға жол ашады. Ал оқу орталықтары үшін бұл – сапаны төмендетпей, бір мезетте көбірек студентке қызмет көрсету мүмкіндігі.

DIA жетекшісі Карли Брукфилд жаңа әріптестік жайында пікір білдірді. Оның айтуынша, ұйым бұрыннан-ақ қатаң талаптар мен жоғары стандарттарды ұстанып келеді. Дегенмен, TrustExam.ai енгізіп отырған жасанды интеллектке негізделген шешімдер емтихан өткізу тәртібін одан әрі жетілдіріп, үміткерлер үшін барынша қолайлы әрі ашық болуына мүмкіндік береді.

TrustExam.ai бүгінде Стэнфорд университетінің StartX стартап-экожүйесінің мүшесі. Компания жыл сайын әлем бойынша екі миллионнан астам қолданушыға қызмет көрсетіп, университеттерге, емтихан орталықтарына және мемлекеттік мекемелерге сынақ процесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге көмектесіп келеді.