Home Ойын-сауық Киберспорт Киберспорттан Қазақстан кубогына тіркеу басталды

Киберспорттан Қазақстан кубогына тіркеу басталды

26

Еліміздің ең мықты ойыншылары бақ сынасатын айтулы дода – Қазақстан Республикасы Кубогы таяу күндері өтпек. EA FC 24, EFOOTBALL 24, MORTAL KOMBAT 1, DOTA 2, ML:BB және COUNTER STRIKE 2 тәрізді танымал ойындар бойынша кибершеберлер өзара мықтыны анықтайды.

Qazaq Cybersport Federation «QAZAQSTAN RESPUBLIKASYNYŊ KUBOGI» деп аталатын ірі республикалық турнирге қатысқысы келетіндерге есігін айқара ашты. Қазірдің өзінде тіркеу басталып кетті.

Жыл сайын бұл жарыстың маңызы да, жүлде қоры да артып келеді. Биылғы сыйақы көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, 7 миллион теңгені құрады.

Киберспорттан Қазақстан кубогына тіркеу басталды

Көптеген спорт түрлерінен ерекшелігі – бұл жарысқа тек кәсіпқой ойыншылар ғана емес, киберспорт әлеміне енді қадам басқан жастар да қатыса алады. Бұл – танымал ойыншылармен бақ сынап, өзіңді дәлелдеуге берілетін тамаша мүмкіндік.

QAZAQSTAN RESPUBLIKASYNYŊ KUBOGI — жаңа есімдер мен жаңа үміттерге жол ашатын алаң. Елдің қай өңірінде болмасын, кез келген адам бұл жарыс арқылы кәсіби киберспортшы ретінде танылып, қазақстандық қауымдастыққа өз командасын таныта алады.

Айта кету керек, бұл турнир ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2024 жылға арналған республикалық спорттық-көпшілік шаралар күнтізбесіне ресми түрде енген.

Іріктеу кезеңі 2024 жылдың 11 сәуірі мен 12 мамыры аралығында онлайн форматта өтеді. Ал финал аралас түрде ұйымдастырылады. 4–5 мамыр күндері онлайн-финал ұйымдастырылса, 12 мамырда Астана қаласында негізгі (LAN) финал өтеді.

Киберспорттан Қазақстан кубогына тіркеу басталды

Qazaq Cybersport Federation-нің атқарушы директоры Қазбек Жанғазиевтің айтуынша, бұл кубок еліміздегі киберспорт саласын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Турнир жастар арасында киберспортты кеңінен насихаттап, дарынды ойыншыларды анықтауға және олардың кәсіби деңгейде дамуына жол ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, ол геймерлер қауымын біріктіріп, тәжірибе алмасуға, ойын шеберлігін арттыруға ықпал етеді.

«Бұл чемпионат тек жеке ойыншылардың емес, жалпы Қазақстандағы киберспорт мәдениетінің дамуына серпін береді. Бүгінде отандық киберспортшылардың көбі шетелдік командалардың атынан сынға түсіп жүр. Алайда ондай мүмкіндік барлығына бірдей бұйыра бермейді. Сондықтан біз бұл саладағы ойыншыларға нақты қолдау көрсетуіміз керек. Соның бірі – жүлде қорын арттыру», – дейді Жанғазиев.

Биыл жарыстың құрылымында да елеулі өзгерістер бар. Бұрын турнир жылына төрт рет өтетін болса, енді Кубок тек екі кезеңмен ұйымдастырылады.

Киберспорттан Қазақстан кубогына тіркеу басталды

Ал киберспортшылар қандай жүлдеге үміт арта алады?

COUNTER STRIKE 2, DOTA 2 және ML:BB бойынша жүлде қоры — әрқайсысына 1 750 000 теңге.

EA FC 24 – 600 мың теңге, EFOOTBALL 24 – 550 мың теңге.

Сонымен қатар, алғаш рет турнирге файтинг жанры бойынша Mortal Kombat 1 қосылып, оған да 600 мың теңге бөлінді.

Қатысуға ниеттілер мына сілтеме арқылы тіркеле алады: https://esports-cup.qcf.kz/

Қазақстандағы киберспорт додасына қатысушыларға сәттілік тілейміз! Ал біз әр ойынды асыға күтеміз.