Қыркүйек айында еліміздің барлық өңірінде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағартушылық, сараптамалық және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өтті. Олардың басты мақсаты жұртшылықтың қазіргі цифрлық қауіп-қатерлер туралы түсінігін кеңейтіп, жеке деректері мен ақпаратын қорғау жолдарын үйрету болды.
Киберқауіпсіздік айлығы Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығында өткен CYBER STEPPE 2026 конференциясынан басталды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар және киберқауіпсіздік саласының мамандары қатысты.
Конференцияның алғашқы күнінде киберқауіпсіздікті нығайту, цифрлық қатерлер және ақпаратты қорғау жолдары талқыланды. Екінші күн отбасыларға, студенттер мен педагогтерге арналды. Қатысушылар цифрлық ортадағы қауіптер туралы қарапайым тілмен түсіндірілген мәліметтер алып, тәжірибелік тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ кибербуллинг пен онлайн ойындар кезінде туындайтын қауіптерге арналған интерактивті жаттығулар мен викториналарға қатысты.
Педагогтердің киберсауаттылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінді. Астанада қалалық Әдістемелік орталықтың әдіскерлеріне цифрлық ортадағы қауіпсіздік пен киберқауіпсіздік негіздеріне арналған тренинг өткізілді. Сонымен қатар ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, Алматы мен Шымкентте интернеттегі қауіп-қатер туралы хабардарлықты арттыруға және желіде қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Киберқауіпсіздік айының маңызды шараларының бірі 29–30 қыркүйекте Астанада өткен KazHackStan 2026 халықаралық конференциясы болды.
Конференцияның алғашқы күнінде азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау, жеке деректердің таралып кетуі, дипфейктердің таралуы және аса маңызды инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиынның негізгі бөлімдерінің бірі Қазақстанның киберқауіпсіздікке төзімділігіне, мемлекет пен технологиялардың рөліне және ортақ жауапкершілікке арналған панельдік сессия болды.
Конференция аясында CyberNomad Awards марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның үздік багхантерлері цифрлық жүйелердегі осал тұстарды анықтауға және олардың қорғалу деңгейін арттыруға қосқан үлесі үшін марапатталды.
KazHackStan 2026 конференциясының тағы бір бағыты практикалық киберқауіпсіздікке арналған CyberKumbez жарысы болды. Сонымен қатар Италияда өтетін 2027 жылғы Халықаралық киберқауіпсіздік олимпиадасына (ICO 2027) қатысатын Қазақстан құрамасын жасақтау үшін оқушылар арасында ұлттық іріктеу өткізілді.
Конференцияның екінші күні Secure Development & Hack Day практикалық киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар техникалық баяндамалар жасап, кибершабуылдар мен олардан қорғану тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ нақты осал тұстар мен киберинциденттер талданды.
Киберқауіпсіздік айы кезінде «Киберқауіпсіздік өзіңнен басталады!» атты бейнероликтер байқауы да өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен әртүрлі жастағы қатысушылар қосылды. Олар бейнероликтерінде цифрлық ортадағы қауіптер, жеке деректерді қорғау және интернетті қауіпсіз пайдалану ережелері туралы айтты.
Халыққа цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру үшін министрлік ресми ақпарат көздерінде пайдалы кеңестер мен нұсқаулықтар жариялап отырды. Онда жеке мәліметтерді, құпиясөздер мен есептік жазбаларды қорғау, цифрлық қызметтерді қауіпсіз пайдалану және интернеттегі кең таралған қауіптерді тану жолдары түсіндірілді.
Шетелге сапарға шығатын қазақстандықтарға цифрлық қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар әзірленді. Олар осы ақпаратты көпшілікке жеткізу үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жіберілді.
Киберқауіпсіздік айы аяқталғанымен, цифрлық ортада қауіпсіздік талаптарын сақтау күнделікті дағдыға айналуы керек. Кибермәдениет тек технологиялар мен қорғаныс жүйелеріне байланысты емес. Ол әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Жеке деректерді қорғау, сенімді құпиясөздерді пайдалану, сілтемелерді ашарда сақ болу және интернетте саналы әрекет ету – цифрлық қауіпсіздіктің негізі.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












