Home Робот пен дрондар,ЖИ Кең даланы бақылаудың жаңа құралы: Қазақстан дрон өндірісін жолға қоюға кірісті

Кең даланы бақылаудың жаңа құралы: Қазақстан дрон өндірісін жолға қоюға кірісті

9

2026 жылдың сәуір айында Павлодарда дрондарды өндіруді жоспары – елімізде аса өзекті болып отырған бұл саланың тәжірибелік деңгейден шығып, нақты өндірістік бағытқа көшіп келе жатқанын көрсетеді. Алғашқы кезеңде жылына 500-ге дейін аппарат шығару көзделген. Өндіріс желісіне AIBAR, KERME, SAMGAU және QYRAN атты төрт түрлі модель енгізілмек. Олардың ұшу қашықтығы 50 шақырымға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры – жоба алдын ала дайындалған келісімге негізделіп отыр. Дрон өндірісін жолға қою жөніндегі келісім өткен жылдың соңында жасалған. Ал жобаны іске асыру барысында Оңтүстік Корея компаниясының қолдау көрсетуі қарастырылғаны айтылып жүр.

Неліктен дәл дрондар жеке технологиялық бағыт ретінде дамып жатыр деген сұрақтың жауабы ел ішіндегі нақты сұраныс құрылымында жатыр. Қазақстан – аумағы кең, инфрақұрылымы ұзақ қашықтықтарға созылған мемлекет. Ел аумағында электр жеткізу желілері, магистральдық жолдар, теміржол тармақтары, өндірістік алаңдар мен ауыл шаруашылығы алқаптары мыңдаған шақырымға созылып жатыр. Осындай жағдайда дрондар ең алдымен тұрақты бақылау мен техникалық тексеру жүргізудің тиімді құралына айналады. Бұл жерде бір сағаттық жұмыс құны, деректерді жедел алу мүмкіндігі және жетуі қиын аймақтарды қамту қабілеті шешуші рөл атқарады. Іс жүзінде бұл тексеру жұмыстарын жылдамдатуға және бақылау жиілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп саласы үшін мұның бәрі тікелей экономикалық тиімділікке ұласады.

Павлодардағы жоба тағы бір маңызды тұрғыдан қызықты. Ол ұшқышсыз ұшу индустриясын әскери тақырыптан бөліп, оның азаматтық экономикадағы орнын талқылауға мүмкіндік береді. Себебі азаматтық мақсаттағы дрон өндірісі тек корпус пен қозғалтқыш жасаумен шектелмейді. Бұл – тұтас технологиялық тізбек. Оның құрамына аппараттарды баптау және жөндеу қызметі, аккумуляторлар мен шығын материалдары, пайдалы жүктеме жүйелері (камералар мен түрлі датчиктер), бағдарламалық қамтамасыз ету, жиналған деректерді өңдеу, операторларды даярлау, қауіпсіздік талаптары мен тәуекелдерді сақтандыру сияқты маңызды бағыттар кіреді.

Осы тізбектің кез келген буыны әлсіресе, бүкіл саланың дамуына кері әсер етеді. Мысалы, сервистік қызмет жолға қойылмаса, тіпті жақсы ұйымдастырылған өндірістің өзі тек көрме үшін қойылған үлгіге айналып қалуы мүмкін. Егер кадр даярлау жүйесі жеткіліксіз болса, аппараттар пайдаланылмай тұрып қалады немесе олардың мүмкіндігі толық қолданылмайды. Ал нормативтік талаптар сақталмаса, түрлі оқиғалар жиілеп, тапсырыс берушілердің сенімі азаяды. Мұндай жағдайда нарықтың дамуы да баяулай бастайды.

Сондықтан өндірістік жоспарлармен қатар кадрлық әлеует қалыптастыру және сынақ инфрақұрылымын дамыту мәселесі негізгі басымдыққа айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы қаңтар айында Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында дрон технологияларын зерттеу және мамандар даярлауға бағытталған орталықтың ашылғаны назар аудартады. Бұл орталық ғылыми жобаларды жүргізумен қатар аппараттарды құрастыру және тәжірибелік тағылымдамаларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Ал ақпан айында Ішкі істер министрлігі жүйесінде дрон операторларын даярлау мен арнайы тәжірибелік полигон құру мәселесіне ерекше мән берілгені хабарланған еді. Азаматтық сала үшін бұл инженерлік әзірлемеден бастап дрондарды нақты пайдалануға дейінгі бүкіл бағыт бойынша кәсіби құзыреттерді қалыптастыратын жаңа орталықтардың пайда болуын білдіреді.

Егер Павлодардағы жоба жарияланған параметрлер бойынша жүзеге асса, ол Қазақстанда қалыптасып келе жатқан жаңа саланың қаншалықты пісіп-жетілгенін көрсететін маңызды сынақ болмақ. Яғни еліміз сериялық өнімнің сапасын тұрақты деңгейде ұстап тұра ала ма, сервистік қызмет пен мамандар даярлау жүйесін жолға қоя ала ма, дрондарды нақты экономикалық салаларға – инфрақұрылымды бақылауға, ауыл шаруашылығына, төтенше жағдайларды мониторингтеуге және өнеркәсіптік тексерістерге – тиімді енгізе ала ма деген сұрақтарға жауап осы жоба арқылы айқындалмақ.

Бастама сәтті жүзеге асса, Қазақстан үшін Орталық Азия нарығына шығатын жаңа экспорттық мүмкіндіктер де пайда болады. Өйткені бұл өңірдегі елдердің аумағы кең, инфрақұрылымы ұқсас, демек дрондарға деген сұраныс сипаты да бір-біріне жақын.

Олжас Кожахмет

Фотосурет ашық дереккөздерден алынды

Check-point.kz