Kcell мобильді операторы 13 желтоқсанға жоспарланған тарифтерді көтеруді тоқтатқанын хабарлады. Бұл өзгерістер 18 тарифтік жоспарды қамтып, орташа есеппен 400 теңгеге қымбаттауы тиіс болған.
Компанияның мәлімдемесінде бұл шешім Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен жүргізілген талқылаулардың нәтижесі екенін атап өтті.
— Тарифтік саясат мәселелері министрлікпен талқыланды, соның нәтижесінде қызметтердің құнын арттырудан бас тарту туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады Kcell.
Компания сондай-ақ қазір экономикалық үнемдеу шаралары енгізілгенін атап өтті. Бюджеттер қайта қаралып, қосымша жобалар уақытша тоқтатылып, операциялық шығындар оңтайландырылуда.
Kcell бұл шаралардың елдегі экономикалық жағдайға байланысты қызметтердің қолжетімділігін сақтау үшін қабылданғанын мәлімдеді.