Home Электроника Аксессуарлар Kamingo компаниясы кез келген велосипедті электробайкқа айналдыратын шағын модульді таныстырды

Kamingo компаниясы кез келген велосипедті электробайкқа айналдыратын шағын модульді таныстырды

9

«Eurobike 2025» көрмесінде Kamingo компаниясы небәрі екі минутта кез келген велосипедті электробайкқа айналдыра алатын шағын электржетекті жүйесін таныстырды.

Бар болғаны 2,3 келі тартатын бұл модуль – жаңа велосипед сатып алмай-ақ, электр жетегінің артықшылығын пайдаланғысы келетіндерге арналған ыңғайлы әрі жеңіл шешім. Kamingo жүйесі ықшам пішінімен, модульдік құрылымымен және бірнеше минутта орнатуға болатын қарапайымдылығымен өзге өнімдерден ерекшеленеді.

Құрылғының номиналды қуаты – 250 Вт, ал ең жоғарғы қуаты – 750 Вт. Электрқозғалтқыш сағатына 30 шақырым жылдамдықпен 90 шақырымға дейін жүріп өтуге мүмкіндік береді. Басты жаңалығы — қуат көзінің пішіні. 266 Вт/сағ болатын аккумулятор кәдімгі су бөтелкесі сияқты жасалып, велосипедке арналған стандартты ұстағыштарға оңай бекітіледі.

Kamingo үш түрлі режиммен жұмыс істейді. Біріншісі – “Күту режімі”, бұл кезде велосипед тек адамның күшімен, яғни педаль арқылы қозғалады. Екіншісі – “Көмек режімі”, мұнда қозғалтқыш педальды айналдыруға қолдау көрсетеді. Ал үшінші – “Круиз режімі”, велосипед толықтай электр күшімен қозғалады. Барлық басқару рөлге бекітілген түрлі-түсті шағын дисплей арқылы жүзеге асады.

Қауіпсіздік мәселесі бұл жүйеде алдыңғы орынға қойылған. Велосипедтің шамадан тыс қисайғанын сезсе, құрылғы автоматты түрде сөнеді. Доңғалақ ішіне бөгде заттардың түсіп кетуінен қорғайтын арнайы жүйе бар. Бұған қоса, Bluetooth арқылы қосымшамен бір рет басып құлыптауға мүмкіндік жасалған. Ал тежеген кезде жиналатын қуатты қайта пайдалануға болатын рекуперациялық тежеу технологиясы – энергияны үнемдеудің тиімді тәсілі саналады.

Kamingo компаниясы кез келген велосипедті электробайкқа айналдыратын шағын модульді таныстырды

Kamingo жобасы Kickstarter платформасында көпшіліктің қолдауына ие болды. Бастапқыда 10 000 доллар жинау көзделгенімен, нәтижесінде жобаға 650 000 доллардан астам қаражат жиналды. Бұл – заманауи құрылғының нарықта үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетеді. Қазіргі таңда Kamingo модулі алдын ала тапсырыс арқылы сатып алуға қолжетімді. Бағасы – 349 доллар. Бұл – болашақтағы дүкен бағасынан шамамен 40 пайызға төмен.