Home Кәсіби маман Камера, мотор, ЖИ! Киноөндірістегі төңкеріс

Камера, мотор, ЖИ! Киноөндірістегі төңкеріс

6

Кинематографияда жасанды интеллект пен машиналық оқыту тәсілдері 2000-жылдардың басынан-ақ қолданысқа енді. Бастапқыда бұл технологиялар негізінен арнайы эффектілер мен компьютерлік графика жасау үшін пайдаланылатын. Ал бүгінде режиссерлер ЖИ-ді әлдеқайда кеңінен қолданып жүр. Мысалы, кейіпкердің бет-әлпетін тану, сценарий жазу, дыбысты сәйкестендіру сынды күрделі процестерге дейін нейрожелілер көмектеседі. Тіпті дубляж кезінде кейіпкердің ерін қимылын аударылған тілдегі сөйлеуге бейімдеуге де мүмкіндік бар. Мұндай тәсіл көрерменнің назарын оғаш дыбыстауға емес, оқиғаның өзіне аудартуға көмектеседі.

Қазірдің өзінде кино саласында Scriptbook пен Largo AI сынды жүйелер кеңінен қолданылады. Бұл бағдарламалар сценарий мен фильм жайлы мәліметтерді талдап, оның коммерциялық табысты болу мүмкіндігін болжай алады. Сонымен қатар, нейрожелілер актердің өміріне қауіп төндіретін күрделі экшн-сахналарын түсіруде де жиі пайдаланылады. Ал машиналық оқыту жүйелері көрермен талғамын саралап, киностудияларға контентті нақты аудиторияға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Көптеген стримингтік сервистер жасанды интеллектіні кеңінен енгізіп үлгерді. Қызметтерін ыңғайлы етіп жасау үшін ЖИ негізінде түрлі функциялар жұмыс істейді. Бұл платформалар күресетін негізгі көрсеткіш – life-time, яғни көрерменнің көру уақыты мен платформаға қайта оралуы. ЖИ осы көрсеткішті арттыруға көмектеседі.

Мәселен, ЖИ-мен жұмыс істейтін маңызды функцияның бірі — жеке ұсыныстар жүйесі. Кино мен сериалдардың жеке жинағы көрерменнің талғамына қарай құрастырылатын алгоритм арқылы жасалады.

Камера, мотор, ЖИ! Киноөндірістегі төңкеріс

Тағы бір кең тараған мүмкіндік — Autoplay (автоойнату). Бұл көрерменнің платформамен үздіксіз байланыста болуын қамтамасыз етеді. Фильм аяқтала бергенде, титрлермен қатар келесі, ұқсас фильм автоматты түрде ойнатылады. Көрермен не титрлерді соңына дейін көреді, не бірден жаңа фильмге өтеді. Егер еш әрекет жасамаса, бірнеше секундтан соң жаңа фильм өзі басталады.

Кейіпкерлерді кадрдан тану мүмкіндігін де ЖИ атқарады. Жүйе фильмдегі әр көріністі сараптап, актерлерді база арқылы сәйкестендіреді. Пайдаланушы киноны паузаға қойған кезде, экранда актерлердің бетіне белгі қойылады. Оған бассаңыз, актер туралы ақпарат пен оның қатысқан басқа жобалары көрсетіледі.

Алайда нейрожелілердің күрт дамуы тек оң нәтиже әкеліп отырған жоқ. Жұлдыздар мен танымал тұлғалар жиі deepfake технологиясының құрбанына айналып жатыр. ЖИ олардың даусын, бет-бейнесін дәл көшіріп, жалған жарнамалардан бастап, жасанды әндер мен порнографиялық контентке дейін қолданылуы мүмкін.

Осыған байланысты Киноактерлер одағы, Америкалық телерадио әртістер қауымдастығы (SAG-AFTRA) және Америка сценаристері бірлестігі (WGA) бірнеше рет ереуілге шықты. Бұл ірі студиялардың жобаларды тоқтатуына себеп болды. Қарсыласу біраз уақытқа созылады деген болжам бар.

Камера, мотор, ЖИ! Киноөндірістегі төңкеріс

«Breaking Bad» («Қылмыс әлемі») телехикаясының жұлдызы Брайан Крэнстон Нью-Йоркте өткен актерлер ереуілінде көш бастады. Өз сөзінде ол Disney компаниясының бас директоры Боб Айгерге үндеу жасады.

«Біз сізге жұмыс істеу мен адамша өмір сүруге лайық табыс табу құқығынан айыруға жол бермейміз. Ең бастысы — біз сізге қадір-қасиетімізді таптатуға мүмкіндік бермейміз», — деді ол.

Актер Дуэйн Джонсон (The Rock) SAG-AFTRA одағының мүшелеріне қаржылай көмек көрсететін қорға жеті таңбалы сома (миллионнан аса доллар) аударды. Қордың атқарушы директоры бұл ұйым тарихындағы ең ірі қайырымдылық екенін айтып, бөлінген қаражат мыңдаған актердің баспанасы мен азық-түлік алуына көмектесетінін атап өтті.

Netflix секілді стриминг платформаларының пайда болуымен актерлер мен сценаристердің табысы күрт төмендеген. Бұрын шоу немесе сериал неғұрлым көп қаралса, соғұрлым авторлар мен орындаушылар көбірек ақы алатын. Ал стриминг қызметтерінде жағдай мүлде басқаша. Келісімшарттардағы тұжырымдар тым бұлдыр, сондықтан авторларға дәстүрлі телеарна мен кабельдік БАҚ-тағыдай әділ төлем жасалмайды.

Ереуілге шығуға себеп болған тағы бір маңызды мәселе — жасанды интеллектіні қолдану. Актерлер өз бейнелерінің нейрожелілер арқылы рұқсатсыз қолданылмауын талап етуде. Себебі, қазіргі технология актерлердің жүздеген бейнежазбасын негізге алып, оларсыз-ақ олардың цифрлық көшірмесін жасауға қабілетті. Жасанды интеллект арқылы продюсерлер актер қатыспаса да, оның бейнесі мен дауысын пайдаланып, кез келген көріністі жаңадан құрастыра алады. Тіпті, кейіпкер өзге тілде сөйлеп, жаңа әрекеттер жасай алады.

Бұл наразылықтар салдарынан тек дайын фильмдердің премьералары ғана емес, жаңа жобалардың түсірілімі де тоқтатылды. Олардың қатарында «Дэдпул 3», Ариана Гранде ойнайтын «Зұлым» (классикалық «Оз шебері» ертегісінің ремейкі), «Гладиатор 2», «Веном 3» секілді көп күткен фильмдер бар.

Дегенмен, кейбір тәуелсіз продюсерлер Актерлер гильдиясынан арнайы рұқсат алып, жұмысын жалғастырып жатыр. Мысалы, A24 студиясы түсіріп жатқан Энн Хэтэуэй басты рөлде ойнайтын Mother Mary және Дженна Ортега түскен Death of a Unicorn фильмдерінің өндірісі жалғасуда.

Аталмыш шолу ашық дереккөздерге сүйене отырып жазылған.