Жасөспірімдер арасында нейрожелілерді теріс мақсатта қолдану — күн тәртібіндегі жаңа қауіптің бірі. Stanford Cyber Policy Center мәліметіне сүйенсек, түрлі елдерде жасөспірімдердің өз құрдастарының порнографиялық бейнелерін жасап, таратуы жиілеп барады. Мұндай жағдайлар барған сайын көбейіп, салдары ауыр әлеуметтік мәселеге айналуда. Алайда бұл мәселені шешетін нақты әрі сенімді тетіктер әлі күнге дейін жасалған жоқ.
Ресейде жүргізілген «#МЫСЧИТАЕМ» зерттеуінің нәтижесі бойынша, әр бесінші оқушы кибербуллингтің құрбаны болған. Оның ішінде ең жиі кездесетіні — келемеждеу мен қорлау (54%), ал кейбіреулеріне бопсалау (26%) мен әлеуметтік желіде өңделген фотосуреттерді жариялау (23%) секілді шабуыл түрлері жасалған.
Технология дамыған сайын мұндай әрекеттерді жасау оңай бола түсті. Бұрын фотосуреттерді өзгерту үшін арнайы бағдарлама мен біліктілік қажет болса, қазір нейрожелі бірнеше секундта кез келген суретті жасап бере алады. Бұл құралдармен енді кәсіби дизайнерлер емес, кез келген адам оңай жұмыс істей алады.

Жасөспірімдер арасында порнографиялық дипфейктер арқылы жасалатын кибербуллинг жаһандық мәселеге айналып бара жатқанын Стэнфорд университетінің Cyber Policy Center орталығының жаңа баяндамасы да растайды. Онда нейрожелілердің көмегімен құрдастарының әдепсіз бейнелерін жасап, желіге тарататын жасөспірімдердің әрекеті бүкіл әлемде үлкен қауіпке айналып отырғаны айтылған. Бұл жағдайға әзірге мектеп те, полиция да, тіпті заң жүйесі де дайын емес.
Порнографиялық дипфейктер арқылы жасалатын кибербуллинг қаншалықты қауіпті?
«Бүгінде жасөспірімдер құрдастарын қорқытып-үркіту немесе масқаралау үшін түрлі дипфейктерді қолданады. Бұрындары өсек-аяң нақты дәлелсіз айтылатын болса, қазір жасанды интеллектінің көмегімен барынша шындыққа ұқсайтын дәлел жасауға болады. Бұл — құрбанға психологиялық тұрғыдан қысым көрсетудің жаңа әдісі»,- дейді «Информзащита» компаниясының алаяқтықпен күрес орталығының жетекшісі Павел Коваленко. Мұндай жалған бейнелер кей жағдайда орны толмас қайғылы оқиғаларға алып келуі мүмкін.
«Жасөспірімдер арасында порнографиялық дипфейктер арқылы жасалатын кибербуллингтің белең алып жатқаны Ресейде де байқалады. Болашақта мұндай жағдайлардың саны арта түсетіні анық», – дейді Solar AURA компаниясының сыртқы цифрлық қауіп-қатерлерді бақылау орталығының даму жөніндегі директоры Александр Вураско.
Angara Security компаниясында қоғамға әсер ететін үрдістерді саралайтын маман Яков Филевский бұл қауіптің бар екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, жасанды интеллектіге негізделген технологияларға ресейліктер басқа ел азаматтарымен бірдей деңгейде қол жеткізе алады. Санкциялар мен шектеулерге қарамастан, бұл құралдар барлық жас қолданушыға ашық.
Дипфейк арқылы жасалатын кибербуллингтің ең қауіпті тұсы — оның психологиялық салдары. Solar AURA орталығының өкілі Александр Вурасконың айтуынша, мұндай шабуылдар жасөспірімдерге ауыр соғады. Себебі бұл жаста әлеуметтік желілердегі бедел мен өзге адамдардың пікірі ерекше маңызды. Ал желіде таралған жалған бейнелер мен фотосуреттер жасөспірімнің өзін-өзі қабылдауына, жан дүниесіне теріс әсер етіп, терең күйзеліске әкелуі мүмкін.

Маманның айтуынша, ересек адам фейк суретті көріп күліп қоя салуы мүмкін, ал жасөспірім мұндай жағдайды өте ауыр қабылдайды. Мұндай бейнелердің таралуы қатарластар тарапынан жаппай мазаққа ұласып, баланы күйзеліске түсіруі ықтимал. Александр Вураско бұл құбылысты sextortion — яғни интимдік сипаттағы фото немесе видеомен бопсалау тәжірибесімен салыстырады. Мұндай жағдайда қаскөйлер балалар қандай да бір әрекетті орындаудан бас тартса, олардың жеке суреттерін таратып жібереміз деп қорқытады.
«Көпшілік дипфейкті шынайы суреттен ажырата алмағандықтан, мұндай контенттің таралуы адамды қоғамнан алыстатып, оқшаулап жіберуі мүмкін. Бұл жасөспірімнің психикасына ауыр соққы болып, әлемге деген көзқарасын агрессивті етіп өзгертуі мүмкін», — дейді Павел Коваленко.
Кибербуллингтен қалай қорғануға болады?
Павел Коваленконың айтуынша, порнографиялық дипфейк арқылы жасалатын кибербуллингтің алдын алу үшін бұл тақырыпты бала кезден түсіндіру маңызды. Балалар өз әрекетінің салдарын ұғына білуі керек. Сонымен қатар қоғамда жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы ақпаратты кеңінен тарату қажет.
«Адамдар қай ақпарат шынайы, қайсысы жасанды екенін ажырата алуы тиіс. Бұл – киберқылмыстың алдын алудың бір жолы», – дейді сарапшы.
Дипфейк пен шынайы фотосуретті ажырату үшін кадрдағы фонның бұрмалануы, адамның қимыл-қозғалысы, дене бітімі мен даусындағы жасандылық секілді белгілерге мән берген жөн. Александр Вурасконың айтуынша, мұндай технологиялардан толықтай қорғану мүмкін болмаса да, қауіптің алдын алып, ықтимал зиянды азайтуға болады.
«Жеке деректерді желіге жүктегенде сақ болған жөн. Әсіресе фото мен видеоны ашық түрде жарияламас бұрын, оның ертең дипфейкке айналып кету қаупін ескерген абзал. Мысалы купальникпен түскен суреттер
көбіне жалған әрі арсыз бейнелерді жасауға пайдаланылып жатады»,- дейді Яков Филевский.
«Бүгінде дипфейк жасау – цифрлы өмірдің бір бөлігіне айналды. Одан жалғыз толық қорғану жолы — мүлде сурет жарияламау. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Сондықтан ар-ожданды қорғауда мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіну маңызды. Бұл мәселе заң шығару деңгейінде назардан тыс қалмайды», — деп қорытындылады сарапшы.

Дипфейк арқылы жасалатын кибербуллингке тап болған жеткіншек не істеуі керек?
Кибербуллингке тап болған әрбір жағдай — ерекше, дейді сарапшы Яков Филевский «Известия» басылымына берген сұхбатында.
Бірақ қандай жағдай болмасын, ең маңыздысы – жасөспірім өзін жалғыз сезінбеуі керек. Ол кімнен көмек сұрай алатынын, кімге сенім артатынын нақты білуі қажет. Ересектер үшін басты міндет – баланың сөзін бөлмей тыңдау. Бұл тақырып сізге таныс болмауы мүмкін, алайда бала үшін сіздің шынайы назарыңыз бен қолдауыңыздың өзі — үлкен қолдау. Тіпті сізге болмашы жағдай болып көрінсе де, бала үшін ол — үлкен күйзеліс. Сондықтан ең әуелі естіп, түсінуге тырысу маңызды.
— Егер жасөспірімге порнографиялық дипфейктер арқылы кибербуллинг жасалған болса, ең бірінші — оның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, — дейді «Газинформсервис» компаниясының инженер-талдаушысы Екатерина Едемская.
Сарапшының айтуынша, сілтемелер мен парақша атаулары секілді дәлелдерді сақтау өте маңызды. Бұдан соң бірден мектеп әкімшілігіне және құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Сонымен қатар жалған контент таралған платформаларға шағым түсіріп, оны жоюды және бұғаттауды талап ету керек.
«Бұл істе Роскомнадзорға (ақпараттық және телекоммуникациялық кеңістікті бақылаушы орган) да ресми өтініш жіберген дұрыс», — дейді Яков Филевский.
Екатерина Едемскаяның айтуынша, заңгердің көмегі де артық болмайды. Ол құқықтық мүмкіндіктерді бағалап, зардап шеккен тараптың мүддесін қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар психологтың көмегі де аса қажет: сырттай сабырлы көрінсе де, баланың ішінде ауыр күйзеліс болуы мүмкін. Мұндайда ата-ананың басты рөлі — қасында болу, асығыс тұжырым жасамау және ең бастысы — баласына бұл жағдайдан шығуға болатынын, ол жалғыз емес екенін ұғындыру, дейді сарапшы.

Мұндай қауіп Қазақстандағы жеткіншектерге де төніп тұр ма? Әрине! Сондықтан бұл тақырыпқа жақын арада оралып, оны кеңірек қозғаймыз.
Мақала Дмитрий Булгаков жазбасына сүйене отырып жазылған.