Грекияның журналистика саласында жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану мәдениетін қалыптастыру мақсатында этикалық кодекс қабылданды. Бұл құжатты елдегі ірі медиа ұйымдарды біріктіретін Панэллин журналистер федерациясы (POESY) әзірледі.
Кодексте басты қағида – ашықтық. Егер мақала толығымен немесе жартылай жасанды интеллект арқылы дайындалса, бұл туралы оқырманға анық әрі нақты түрде хабарлануы тиіс. Грекия үкіметінің ресми өкілі Павлос Маринакистің айтуынша, қаншалықты жетілген болса да, машиналар адамды толығымен алмастыра алмайды, сондықтан адами бақылау міндетті.
POESY федерациясының президенті Сотирис Триантафиллос бұл бастаманы уақыт талабымен байланыстырып отыр. Оның сөзінше, ЖИ – қоғам өмірінің барлық саласын өзгеріске ұшырататын қуатты технология. «Алғашқы кезеңде көптеген мәселе туындайтыны анық. Жұмыссыздық, жалған ақпарат таралуы, деректердің бұрмалануы – осының бәріне жауап беретін тетік керек. Кодекс осы бағытта жасалған алғашқы нақты қадам», – деді ол Euronews арнасына берген сұхбатында.

Кодексті әзірлеу үшін жасанды интеллект саласының мамандары қатысқан арнайы комитет құрылды. Бұл топ бір жыл бойы қоғамдық негізде жұмыс істеген. Комитет төрағасы, құқық профессоры Спирос Влахопулостың айтуынша, құжаттың негізгі идеясы – болашақ жасанды интеллектіге тиесілі болғанымен, ол журналистің орнын баса алмайды.
“Бұл кодекс журналистерді бір ортақ қағидамен байланыстырып, ЖИ-дің қалай қолданылатынын, оның қандай тәуекелдері бар екенін нақтылап береді. Ең бастысы — бұл құжат журналист үшін қорған болады. Егер біреулер оны этикалық қағидаларға қайшы келетін жолмен ИИ пайдалануға мәжбүр етсе, ол заң аясында бас тартып, тіпті орынсыз жұмыстан шығару секілді жағдайлардан қорғана алады”, — дейді Влахопулос.
Оның айтуынша, ИИ журналистерге көмекші ретінде пайдалы болуы мүмкін, бірақ ешқашан олардың орнын алмастыра алмайды.
Кодекстің өзегінде — ашықтық қағидасы жатыр. Яғни, егер мақалада ИИ қолданылса, бұл туралы нақты белгі болуы керек. Оқырман мұны білуге құқылы. Бұл мінез-құлық кодексі “жұмсақ құқық” санатына жатса да, заңды салдары бар: оны бұзу тәртіптік немесе басқа да жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
“Біз бір үкіметтік емес ұйымның Грекиядағы диффамацияға қатысты жағдайды күрделендіріп жіберді деген есебін оқыдық. Алайда біз бұл жауапкершілікті бір жылдан астам бұрын алып тастағанбыз. Бұл — шындыққа қайшы. Ал Еурокомиссия есептері қазіргі жағдайды шынайы түрде көрсетіп отыр”, — деді Euronews арнасына берген сұхбатында Грекия үкіметінің баспасөз хатшысы.
Еuronews

Пікір: Қазақстанда да мұндай кодекс керек
Қазақстанда да жасанды интеллект журналистикаға еніп үлгерді. Бір қарағанда тиімді көмекші болғанмен, кей жағдайда ИИ-дың көмегімен жазылған мақалаларда шындықтан ауытқушылық, субъективтілік жиі байқалады. Көп журналист деректі тексермей, ЖИ ұсынған ақпаратты бұлжытпай қабылдайды. Мұның салдары – фактілердің бұрмалануы, тарихи шындықтың өзгертілуі, саяси оқиғаларды бұрыс түсіндіру және қоғамға теріс әсер ететін жалған ақпараттың көбеюі.
Егер біз кәсіби, жауапты журналистика дамысын десек, ЖИ-ді қалай және қай шеңберде қолдануға болатынын нақтылайтын этикалық нормалар бізге де қажет.