Home Технологиялар Ғаламтор және желі Google жаңа аудиошолуларын сынақтан өткізуде

Google жаңа аудиошолуларын сынақтан өткізуде

29

Google компаниясы іздеу жүйесіне арналған жаңа «Аудиошолулар» (Audio Overviews) қызметін іске қосқанын хабарлады. Бұл жасанды интеллектіге негізделген функция алғаш рет «NotebookLM» деп аталатын жазбалар мен зерттеулерге арналған көмекші құралда таныстырылған болатын. Енді ол Google Labs аясында тек шектеулі қолданушыларға қолжетімді.

Компанияның ресми блогындағы ақпаратқа сүйенсек, «Аудиошолулар» Google-дің ең жаңа Gemini үлгілерімен жұмыс істейді. Жүйе пайдаланушының сұранысына сай қысқаша аудио мазмұн дайындайды және бұл функция кей жағдайларда іздеу нәтижелерін тыңдауға мүмкіндік береді.

Интерфейсі қарапайым, яки қолданушы шолуды аудиоплеер арқылы тыңдай алады. Плеерде ойнату, кідірту, дыбысты және жылдамдықты реттеу сияқты батырмалар қарастырылған. Ең бастысы – Google шолу дайындалған кезде пайдаланылған дереккөздерге сілтемелер көрсетіп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әрбір аудиошолуға баға беруге болады. Бұл компанияға алгоритмдерді жетілдіруге және шолулардың сапасын арттыруға көмектеседі.

NotebookLM жүйесінде бұл функция оқулықтар немесе құқықтық құжаттар секілді материалдарға сүйене отырып, виртуалды жүргізушілермен подкаст жасауға мүмкіндік береді. Наурыз айында Google «Аудиошолуларды» Gemini жүйесіне де енгізген еді. Енді бұл мүмкіндік іздеу жүйесіне де енгізілді. Ол бұған дейін таныстырылған AI Overviews – мәтіндік шолулар қызметінің жалғасы әрі толықтырылған нұсқасы іспетті. Жаңа тәсіл Google-дің ақпаратты есту арқылы қабылдауды жөн көретін немесе мәтінді оқу қиындау пайдаланушыларды қамту мақсатын көрсетеді.

Алайда, бұл жаңалықтың көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Wall Street Journal басылымының дерегінше, Google-дің AI Overviews және басқа да жасанды интеллектке негізделген құралдары жаңалық сайттарының оқырманын азайтуы мүмкін. Ал бұл жағдай медиа саласына кері әсер етуі ықтимал.