Google Docs біртіндеп мультимодальды платформаға айналып келеді. Яғни сервис енді тек мәтінді көрсетуімен шектелмей, оның мазмұнын жасанды интеллект арқылы қысқаша дыбыстап бере алатын жаңа мүмкіндіктерді енгізуде. Мұндай өзгеріс цифрлық құжаттармен жұмыс істеудің дәстүрлі тәсілін кеңейтіп, ақпаратты қабылдаудың жаңа форматын қалыптастыруға бағытталған.
Gemini және NotebookLM технологиялары негізінде әзірленген жаңа функция алдағы айларда Google Workspace жүйесінде іске қосылады. Бұл мүмкіндік пайдаланушыларға құжат мазмұны бойынша жасалған шамамен үш минуттық қысқа аудио-шолуларды тыңдауға жағдай жасайды. Аудио форматтағы мұндай материалдар көлемді мәтінді тез шолып шығуға арналған ықшам мазмұн ретінде ұсынылады.
«Audio overviews» функциясы іске қосылғаннан кейін сервисінде шағын медиаплеер пайда болады. Сол арқылы аудиожазбаны тыңдау мен басқару мүмкіндігі беріледі. Алдымен Gemini жүйесі құжаттың мазмұнын талдап, негізгі ұғымдар мен маңызды ойларды анықтайды. Соның негізінде қысқаша түйін жасалып, кейін бұл мәтін Gemini-дің сөйлеуді синтездеу жүйесі арқылы дыбыстық форматқа айналады. Пайдаланушы дыбыстаудың бірнеше стилінің бірін таңдай алады. Атап айтқанда, бейтарап ақпараттық мәнердегі «диктор», сенімді әрі әсерлі «сендіруші», сондай-ақ түсіндіруге бағытталған «жаттықтырушы» стилі ұсынылады.
Бұл технология Google компаниясы бұрын тәжірибелік форматта ұсынған NotebookLM құралын дамыту нәтижесі болып саналады. Ол кезде студенттер жүктелген материалдар негізінде ауызша қысқаша түсіндірме жасау үшін осы сервисті пайдаланған еді. Жаңа мүмкіндікті Google-дың премиум жазылымдары бар аккаунт иелері, сондай-ақ білім беру және бизнес саласына арналған Google AI қосымшалары қосылған есептік жазбалар қолдана алады. Қызметті кезең-кезеңімен енгізу 12 ақпанда басталып, шамамен он бес күн ішінде қолжетімді пайдаланушылардың барлығын қамтуы жоспарланған.
Google компаниясы аудио-шолуларды мәтінді мұқият оқудың баламасы ретінде ұсынбайды. Керісінше, бұл функция көлемді ақпаратпен тез танысуға арналған қосымша құрал ретінде қарастырылады. Әсіресе жол үстінде жүргенде немесе бір мезетте бірнеше іспен айналысып отырған жағдайда мұндай мүмкіндік пайдалы болуы мүмкін. Осылайша Google Docs жұмыс құжаттары негізінде сұраныс бойынша жасалатын жеке подкасттар легіне ұқсас жаңа форматқа қадам басып отыр.












