Бұдан былай мектеп оқушылары мен мұғалімдері әлемдегі ең танымал білім беру платформаларының бірі — Google Classroom-ды қазақ тілінде пайдалана алады. Сәуір айынан бастап бұл жүйенің интерфейсі қазақ тіліне толық бейімделіп, ресми түрде іске қосылды. Бұл — ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Алтынсарин академиясының жүйелі жұмысының нәтижесі.
Бүгінде Google Classroom платформасын әлем бойынша 170 миллионнан астам қолданушы пайдаланады. Енді қазақ тілінде білім беретін мектептер үшін де цифрлық білім беру кеңістігі бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Бұл — оқушылар мен ұстаздар үшін тілдік кедергіні жойып, тең цифрлық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам.
Қазақ тілін таңдау үшін Google парақшаңыздың тіл баптауларын өзгерту жеткілікті. Осылайша, веб-нұсқа мен мобильді қосымша автоматты түрде қазақ тілінде жұмыс істейді.
Айта кетейік, биыл қаңтарда Алтынсарин академиясы Google және Microsoft компанияларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алпауыт IT-компаниялармен бірқатар келіссөздер жүргізген еді. Google Classroom-ның қазақ тіліндегі нұсқасы — отандық білім беруді цифрландыруға бағытталған алғашқы нақты қадам.