Финляндияда стационарлық телефон арқылы соңғы қоңырау шалынды. Осылайша ел мыс сымдарға негізделген байланыс желісінен толықтай бас тартып, талшықты-оптикалық байланыс жүйесіне көшті.
Сейсенбі күні Финляндия шамамен 150 жылға жуық қолданылған аналогтық стационарлық телефон байланысын ресми түрде тоқтатты. Осылайша ел байланыс инфрақұрылымын толық цифрлық жүйеге көшірген мемлекеттердің қатарына қосылды.
Бұған дейін Эстония, Нидерланд, Норвегия және Испания да осындай шешім қабылдаған болатын. Қазіргі таңда көптеген мемлекет интернет деректерін де, телефон қоңырауларын да жоғары жылдамдықпен жеткізе алатын талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңінен енгізіп келеді.
Финляндиядағы стационарлық телефон желісі алғаш рет 1880-жылдары іске қосылған. Алайда әлемнің басқа елдеріндегідей, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мыс сымдарға негізделген дәстүрлі байланыс жүйесінің қолданыс аясын біртіндеп тарылтты.
Ұялы байланыс саласындағы әлемге әйгілі Nokia компаниясының отаны саналатын Финляндияда стационарлық телефон байланысы іс жүзінде толықтай ұялы байланыспен алмастырылды.
Мыс сымдарға негізделген стационарлық байланыс желісін пайдаланған соңғы ірі оператор Elisa желінің жұмысын компанияның бас директоры Топи Маннер мен ұлттық байланыс және көлік агенттігінің директоры Яркко Сааримаки арасындағы телефон әңгімесімен қорытындылады.
Әңгіме барысында олар стационарлық телефонды пайдаланған кезеңдерін еске алды. Топи Маннер 1980-жылдары Лондонда тұрған кезінде отбасымен аптасына бір рет, алдын ала келісілген уақытта ғана сөйлескенін айтты. Сол кезде барлық отбасы мүшесінің үйде болуы міндетті болған.
Сондай-ақ олар ұялы байланыс технологияларының келешегі жөнінде пікір алмасты. Әңгіме соңында фин тіліндегі kuulemiin сөзімен қоштасты. Бұл сөздің мағынасы «кейінірек тағы сөйлесеміз» дегенді білдіреді.
Неліктен мыс сымдарға негізделген телефон желісі аналогтық байланыс саналады?
Бір ғасырдан астам уақыт бойы стационарлық байланыста пайдаланылған мыс сымдар арқылы деректердің шектеулі көлемі ғана беріледі. Мұндай жүйеде дыбыс электр сигналының үздіксіз өзгерісі түрінде жеткізіліп, бастапқы дыбыс толқынының пішінін қайталайды. Сондықтан бұл байланыс түрі аналогтық байланыс деп аталады.
Қазіргі кезде телефон қоңыраулары мен интернет деректерінің басым бөлігі талшықты-оптикалық кабельдер арқылы беріледі. Бұл технологияда ақпарат аса жіңішке шыны талшықтармен жарық импульстары түрінде таралады. Соның нәтижесінде деректерді жеткізу жылдамдығы артып, байланыс сапасы мен сенімділігі едәуір жақсарады.
Қаңтар айында желіні пайдаланудан шығару туралы шешімін жариялаған Elisa компаниясы бұл қадамға өзге байланыс операторлары әлдеқайда бұрын барғанын мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, тек стационарлық телефон байланысын ғана пайдаланатын тарифтік жоспарларда бірнеше мың абонент қалған. Мұндай қызмет түрі жаңа тұтынушыларға бірнеше жылдан бері ұсынылмаған.
Сейсенбіден бастап Финляндияда стационарлық телефон байланысы қызметін тек жергілікті байланыс операторлары ғана көрсетеді. Yle таратқан мәліметке сәйкес, олардың қызметін негізінен жергілікті телефон қоңырауларына мұқтаж бірнеше мың абонент пайдаланады.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












