Қазақстанда биыл жыл соңына дейін қала құрылысына бақылау жүргізуде жасанды интеллект қолданылатын пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубирова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін «Co-pilot» деп аталатын жүйе арқылы цифрлық бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ЕЖЖ) тексеруге мүмкіндік беретін жаңа әдіс сыналады.
«Белгіленген аумақты дрон айнала ұшып шығады. Кейін түсірілген мәліметтер жасанды интеллект көмегімен бекітілген бас жоспарлар мен ЕЖЖ-мен салыстырылады. Егер сәйкессіздік анықталса, бұл туралы ақпарат автоматты түрде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданады», – деді вице-министр.
Бұл бастама заңсыз немесе рұқсатсыз құрылыс нысандарын ертерек анықтауға, сондай-ақ құрылыс саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталған.
Айжан Нокабекова