Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Бұл кеңес – Қазақстанның цифрлық трансформация мен технологиялық егемендік жолындағы жаңа кезеңін айқындайтын маңызды алаң саналады.
Жиынға халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері, сондай-ақ ғылыми және білім беру ұйымдарының мамандары қатысты. Талқылаудың негізгі өзегі – жасанды интеллектінің білім беру жүйесіндегі рөлі, цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау және заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру бағыттары болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жасанды интеллектіні дамытудың елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшкенін айтып, жасанды интеллектінің ғылым мен өндірісті жаңғыртудағы жетекші тетікке айналғанын атап өтті.
Отырыста Біріккен Араб Әмірліктерінің жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар әл-Олама өз еліндегі ІІ экожүйесін қалыптастыру тәжірибесімен бөліссе, белгілі инвестор әрі футуролог Қай-Фу Ли Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект үлгілерін дамытуға деген ұмтылысына жоғары баға берді. Ал Open Data Institute ұйымының басшысы Ричард Стирлинг білім мен кадр даярлауда заманауи цифрлық құралдардың рөлін күшейтудің қажеттілігін айтты. Сонымен қатар АҚШ пен БҰҰ сарапшылары технологиялық даму мен этикалық реттеу бағытындағы ұсынымдарын білдірді.
Вице-премьер әрі жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев елімізде ұлттық жасанды интеллект экожүйесі үш бағытта қалыптасып жатқанын атап өтті: институционалдық негіз, инфрақұрылым және адами капитал. Оның айтуынша, биыл ұлттық тіл үлгісі KazLLM, суперкомпьютерлік орталық alem.cloud және бағдарламалау білімін қажет етпейтін AI-агенттер платформасы іске қосылған. Бұл бастамалар Қазақстанды өңірлік деңгейде ІІ-технологияларды дамыту орталығына айналдыруға бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық сарапшылардың ұсынымдары кеңестің алдағы жұмысына енгізілетінін айтып, келесі отырыс жасанды интеллектінің Қазақстанның цифрлық экономикасындағы орны мен әлеуетіне арналатынын мәлімдеді.
            
	











