Home Технологиялар Ғаламтор және желі ELIZA-ның ғаламдық ықпалы: 60 жылдан кейін қайта қалпына келтірілген чат-бот тарихы

ELIZA-ның ғаламдық ықпалы: 60 жылдан кейін қайта қалпына келтірілген чат-бот тарихы

15

Ғалымдар тобы әлемдегі алғашқы чат-бот — ELIZA-ны қайта қалпына келтірді. Бұл жоба 1960-жылдардың соңында Массачусетс технологиялық институтының профессоры Джозеф Вейценбаумның басшылығымен жасалған болатын. MIT мұрағатында сақталған ескі жазбалар мен құжаттар арқылы бағдарламалық археологтар 60 жыл бойы жоғалып кеткен кодты тауып, оны жаңартты.

ELIZA бастапқыда қолданушылармен тілдесу үшін жасалған тілдік модель ретінде қарастырылған және қазірде жасанды интеллектінің дамуына айтарлықтай ықпал етті. Бағдарламаның атауы «Пигмалион» пьесасының басты кейіпкері Элиза Дулиттлдің құрметіне қойылды. Ол аристократтық ағылшын тілінде сөйлеуге үйретілген болатын.

ELIZA — психотерапевт сияқты сұрақтарға жауап беретін скрипт. Мысалы, ол пайдаланушыдан: «Өз мәселеңізді айтып беріңізші» деп сұрай алады. Егер пайдаланушы «Барлық еркектер бірдей» деп жазса, бағдарлама «Қандай мағынада?» деп қайта сұрақ қояды.

ELIZA алғаш рет Вейценбаумның MAD-SLIP бағдарламалау тілінде жазылған. Бірақ кейінірек код Lisp тіліне ауысып, ғаламтор желілерінде бағдарламаның дәл осы нұсқасы таралды.

Ғалымдар бағдарламаның бастапқы коды жоғалды деп санаған, дегенмен 2021 жылы Стэнфорд университетінің когнитивті ғалымы Джефф Шрейджер мен MIT мұрағатшысы Майлз Кроули оны Вейценбаумның қолжазбалары арасынан тапты.

ELIZA-ны қалпына келтіру оңай болған жоқ. Команда кодты тазалап, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, 1960-жылдардағы компьютерлердің жұмысын қайталауға арналған эмуляторды жасап, оны 2024 жылдың 21 желтоқсанында, 60 жылдан кейін, алғаш рет іске қосты.

Қалпына келтірілген кодта қателер бар болғанымен, шынайылықты сақтау үшін оларға еш өзгеріс енгізілмеді. Мысалы, пайдаланушы «Сіз 999 жастасыз» деп хабарлама жолдаса, бағдарлама өз жұмысын тоқтатады.

ELIZA қазіргі заманғы тілдік модельдермен салыстырғанда өте қарапайым. Алайда, оның 1965 жылы жазылғанын ескерсек,бағдарлама әлі де таң қалдырады. Бүгінгі чат-боттар пайдаланушының сөйлемін аяқтауға тырысады, ал ELIZA тек әңгімені жалғастыруға шақыратын.

ELIZA-ны қалпына келтіру компьютерлік технологиялар тарихына қосылған маңызды үлес болып саналады. Ғалымдар бұл жаңалықты Мона Лиза немесе Микеланджелоның Давиді сияқты заманауи мәдени мұралармен салыстырып, оның тарихи мәнін атап өтуде.