Елімізде жасанды интеллект негіздерін үйрететін тегін курстар іске қосылды. Оқу бағдарламасы қазақ және орыс тілдерінде әзірленген. Жобаны Lerna платформасы Skillbox, Udacity және Яндекс Практикуммен бірлесіп, Инновациялық технологиялар паркі қорының қатысуымен жүзеге асырып отыр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында “Инновациялық технологиялар паркі” басқарушы директоры Валерия Те мәлімдеді. Оның айтуынша, курсқа қатысушылар тек білім алып қана қоймай, болашақта жұмысқа орналасуға немесе өз стартаптарын іске қосуға мүмкіндік алады.
Келесі кезең – биыл қыркүйек айында еліміздің жоғары оқу орындарында өтетін Decentrathon хакатоны. Шараға 2,5 мыңға жуық адамның қатысуы жоспарланып отыр. Қатысушылар 48 сағат ішінде түрлі жобалар әзірлеп, үздік жұмыстар Digital Bridge форумында марапатталады.
Жасанды интеллект саласында өз жобасын бастап, бірақ командасы немесе нақты идеясы жоқ жандар үшін арнайы AIpreneurs бағдарламасы ұсынылған. Бұл бастама қатысушыларға тәлімгерлік қолдау, прототип әзірлеуге қажетті ресурстар, қаржыландыру және бағдарлама кезеңінде тұру мүмкіндігін ұсынады.